Моңғолияның Номғон жазығынан табылған көне түрік бітіктасындағы жазулардың оқылуы Түрік қағандығы тарихын тың мәліметтермен толықтырды
Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты Моңғолияның Арханғай аймағындағы Номғон алқабында 2019 жылдан бері бірлескен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
2022 жылы Номғон-2 ғұрыптық кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде өзге де маңызды тарихи жәдігерлермен қатар көне түрік және соғды жазулары қашалған бітіктастың жоғарғы бөлігі табылған болатын. Бұл жазуларды оқу нәтижесінде көне түрік бітік жазуымен жазылған мәтіннің 12 жолы («Құтлұқ қаған Түрік … Тәңір ұлы …») және соғды тіліндегі мәтіннің 6 жолы («Кутлуг хакан …») оқылып, зерттелді. Бұл мәліметтер осы археологиялық ескерткіштің Құтлық қағанға тиесілі ғұрыптық кешен болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.
Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлескен зерттеулері жалғасып, 2023 жылы жоғарыда аталған бітіктастың төменгі бөлігі табылды. Бұл бөлікте де жазулар сақталған. Алайда, өкінішке қарай, қатты зақымдалған ежелгі түркі жазуы оқуға келмеді. Дегенмен, бітіктастың артқы жағындағы ішінара сақталған қытай иероглифтерін белгілі бір деңгейде оқудың мүмкіндігі болды.
Өткен жылы аталған ескерткіш Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты тарапынан Ұлан-Батыр қаласында таныстырылды. Сол аралықта Ішкі Моңғолия университетінің (Қытай) мамандары — профессор Боржигитай Мөрөн, доктор Чуй Нинг және доктор Сугар арнайы шақырылып, қытай мәтінін оқу-анықтау жұмыстары жалғасып жатқан болатын.
Бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай жазуы жоғарыдан төменге қарай жазылған, ал жолдар оңнан солға қарай орналасқан. Бұл бөліктегі 15 жолдың 3-8 жолдары оқуға мүмкіндік берді. Әр жолда шамамен 24 иероглифтен бар, жалпы саны 290-300 иероглифті құрайды.
Ішкі Моңғолия университетінің жоғарыда аталған мамандарының көмегімен 2025 жылдың қаңтар айында бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай мәтінінің бір бөлігі оқылып шықты. Осы жұмыс нәтижесінде, 4-жолда «Түрік» сөзі мен «Кұтлұқ» атағының (қытайша оқылуы: «Гу-ду-лу») анықталғаны белгілі болды.
Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бұл жаңалық Номғон-2 ғұрыптық кешенінің көне түрік кезеңіне, атап айтқанда, Екінші Түрік Қағандығын құрған Елтеріс Құтлық қағанның (682–692) дәуіріне тиесілі екенін тағы бір мәрте дәлелдейтінін хабарлайды.
Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтының Номғон жазығындағы бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстары жалғаса бермек.