Моңғолия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Лханаажавын Мөнхтушигпен кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын салыстырды.
Дипломаттар Астана және Ұлан-Батыр арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстардың жоғары деңгейін қолдауға келісті.
Моңғолия Жол-көліктік даму министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Сухбаатарын Батболдпен келіссөздерде сұхбаттастар екі елдің көлік-логистикалық ынтымақтастығының ағымдағы мәртебесі мен перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ Моңғолия Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Чимэдцэрэнгийн Цэвэгдоржбен өткен кездесу барысында тараптар осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сұхбаттастар жақын арада бірлескен іс-шаралар өткізуге және шығармашылық ұжымдармен алмасуға баса назар аударды.
Ә.Бақаевтың сапары бағдарламасының тағы бір маңызды тармағы Моңғолия Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрі Жадамбаагийн Энхабаярмен кездесу болды.
Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы мазмұнды пікір алмасу өтті. Тараптар аграрлық секторда жоғары технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасуға келісті.
Сапар соңында тараптар жаңа даму тетіктерін айқындау мақсатында екі елдің үкіметтік, квазимемлекеттік және іскер топтары арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мен кеңейтудің маңыздылығын растады.