Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай өз жұмысын бастады. Айтулы шара 4-10 шілде аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтеді, деп жазады Turanews.kz қор сайтына сілтеме жасап.
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастап барған қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.
Ұлан-Батырдағы жылы жүздесу
Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. 4 шілде күні қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Қазіргі таңда бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен.
Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын және бұл шын жүректен шыққан сөз деп атап өтті. Сөзін жалғастыра келе, Қоғам басшысы Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті.
Өз кезегінде, ҚР Мәжілісі депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді.
Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жж. тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті.