
Наурыздың 4-5-і күндері Моңғолияда аңшы құстардың «Алтын қыран – 2023» көктемгі фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Фестивальге Моңғолияның Баян-Өлгей, Сэлэнэ және Тув аумақтарынан 17-69 жас аралығындағы 19 саятшы қатысып отыр. Іс-шараны тамашалауға 10 мың адам, соның ішінде оннан астам елден туристер жиналған.
МОНЦАМЭ агенттігінің мәліметінше, фестиваль Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліпотыр. Мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрін, мұрасы мен мәдениетін таныту, оны жастарға дәріптеу, сондай-ақ туристерді тарту, бос уақытты дұрыс өткізуді қалыптастыру.
Онымен қоса, шара барысында бүркіттер шеруі өтеді – әдемі әбзелдермен безендірілген атқа қонған ұлттық киімдегі саятшылар қолдарына бүркіт ұстап шығады. Бұдан бөлек, қыран құспен балық аулау, ең ақылды құсты анықтау байқауы, қазақтың ұлттық ойыны – көкпар ұйымдастырылады.
Моңғолияда қыран құстар фестивалі жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі.
Былтыр аталған ел үкіметі 2023 және 2024 жылдарды Моңғолияға саяхаттау жылы деп жариялады. Бүркітшілер фестивалі пандемиядан зардап шеккен туристік секторды дамытуға бағытталған 90-нан астам іс-шара тізіміне енгізілген.