Мобилизация жарияланғалы қазақ тілін үйрене бастаған ресейліктердің саны күрт артты — Тіл орталығы жетекшісі
Ресейде жартылай мобилизация жарияланғалы бері қазақ тілін үйренуге қызығушылық білдірген ресейліктердің саны күрт артыпты. Бұл туралы LingvaTen орталығының негізін қалаушы Владислав Тен айтты. Сөзінше, Қазақстанға орыстардың көптеп келуі қазақ тілінің дамуына кері әсерін тигізеді. Лингвисттен ресейліктердің мемлекеттік тілді үйренудегі мақсаты мен тіл үйрену процесінде қандай қиындықтарға кезігетіні туралы сұрап, қазақ тілінің қолданысын дамыту жолдары туралы ойын білдік, , деп хабаралайды Stan.kz сайты.
Қазақ тілін өз бетінше бір жылда меңгеріп шыққан онлайн тіл орталығының директоры Владислав Тен – ұлты корей, алты тіл білетін лингвист. Орталығында қазір 120 адам тіл меңгеруде. Сұхбатта ол мобилизация басталған соң қазақ тіліне деген сұраныстың артқанын өз тәжірибесі негізінде айтып берді.
Соғыс басталғалы орыстар курсқа жиі жазылатын болды
Маманның сөзінше, қазақ тіліне деген сұраныс 2022 жылдың қысынан, яғни соғыс басталған уақытта-ақ артқан. Теннің курсына қатысушылар Қазақстанға көшіп келген ресейліктер. Олардың ішінде Ресейде тұрып жатқан қазақтар да бар.
“Кейбірі Санкт-Петербургтен, енді бірі Мәскеуден келгендер. Көбі Қазақстанда тұрып жатыр. Олардың бірсыпарасының елге келудегі себептері түсінікті. Болып жатқан жағдайға қарсы екендерін айтады.
Ресейде тұрып та тіл үйреніп жүргендер бар. Бірақ оларды дәл соғыс басталуымен байланыстыра алмаймын. Олардың дені этникалық қазақтар. Мақсаттары — қазақ тілін өздері үшін үйрену, білу”, – дейді орталық жетекшісі.
Владислав Теннің сөзінше, өзінен тіл үйренуге әлемнің түкпір-түкпірінен қазақтар қатысады. Канада, АҚШ, Бразилияда тұратын қазақтар бар. Оларға қазақ тілін ағылшын тілі арқылы үйретемін.
“Шетелде тұратын қазақтардың тілді меңгерудегі мақсаты – балалары Қазақстанда тұрмаса да, ана тілін оларға үйретіп, ұмытып қалмайтындай жағдай жасау”, – деп қосты ол.
Мобилизация сұраныстың артуына себеп болды
“Мобилизация басталған соң курс алғысы келетін орыстар күрт көбейіп кетті. 5-6 адам курсқа жазылды, олар ресейліктер еді. Олар өздерін қайдан екенін айтпаса да, ресейлік орыстар екенін бірден ұқтым. Себебі Қазақстандағы орыстар біздің мәдениетімізден хабардар, “бесбармақ” не екенін біледі дегендей. Сондықтан олардың қайдан келгені түсінікті.
Мақсаты – айқын. Қазақстанда тұрғылары келеді, “қазақ тілін білмесек, бізді ешкім сыйламайды, құрметтемейді” деп ойлайды. Қазақстардың тілін үйренсек, бізді сыйлайды деп түсінеді. Расында солай ғой. Мен өзім қазақ тілін үйрене бастағанда, қазақтар мені қатты қолдаған”, – дейді Тен.
Орыс тілділер саны көбейсе, қазақ тілінің дамуына кері әсер тиеді
Белгілі бір тілдің дамуына ол тілде сөйлейтіндердің санының көбеюі қатты әсер етеді дейді Тен.
“Қазақ тіліне қатысты да солай. Қаншалықты ресейлік көптеп келсе, тілдің дамуына аладғы уақытта кері әсерін береді. Себебі орысша сөйлейтін адамдардың саны көбейеді. Теңсіздік орнайды. Қазақ тіліне енді тағы уақыт керек болады. Мәселен, менің бақылауымша, қандастар Қазақстанға келген соң қазақ тілінің жағдайы әлдеқайда жақсарды”, – дейді ол.
Бұдан шығудың жолы Қазақстанда тұратын азаматтарға тілді үйренуге көмектесу дейді лингвист.
Біздің елде тілді үйренгісі келетіндердің саны көп
“Бірақ олар тілді білмейді, бала кезден бастап тілдері орысша шыққан. Олардың ішінде орыс тілді қазақтар бар, біз оларды “мәңгүрт” деп атап, “тілді менсінбейсің” деп жағадан аламыз. Айтуға оңай. Олай демес бұрын, “оларға тілді үйретуге көмектестің бе?” деген сұрақ қойған дұрыс.
Қазақ тілін нөлден бастап үйрену оңай процесс емес, кез келген шет тілі сияқты. Қазақ тілін шет тілі ретінде үйрететін контент, ақпарат бізде өте аз.
Мәселен, мен басқа кез келген әлемдік тілді үйренуге тырыссам, интернетте ақпарат шаш-етектен. Қарапайым фильмдерді қазақ тілінде субтитрмен көру мүмкіндігі жоқ. Мүгедек азаматтарға қазақ тілін үйренуге тіпті ешқандай жағдай жасалмаған”, – дейді ол.
Орыс тілді азаматтарға грамматика қиынға түседі
Ресейліктер қазақ тілін үйрену кезінде қандай қиындықтарға кезігетінін сұрадық.
«Ресейліктер, орыстілді азаматтарға сөздер мен грамматика қиынға түседі. Себебі, қазақ тілі түркі тіллдер тобына жататындықтан грамматикасы басқаша. Жапон, корей тілдеріне көбірек келеді. Себебі бұлардың барлығы Үлкен Алтай тобына жатады. Жапон, корей тілін білетін адамдар қазақ, өзбек, түрік тілдерін тез меңгере алады. Ал орыстарға бұл қиын. Тіл үйренуге деген рухани ниет керек. Егер қазақтың жерін, елін, тілін сүйсең тілді үйрену оңай”, — дейді Тен.
Сөзінше, қазақ тілін үйренуге ниеттеніп жүрген көптеген ресейліктің дені өздеріне мемлекеттік тілі үйрену қажет екенін айтады екен.
«Қазақтар тарапынан көп көмек көрсетілуде деп айтып жатады. Қазақстанда тілдік орта қолайлы болғаны үшін бізге көбірек келеді. Неге оңай? Себебі орысша орта қалыптасқан. Егер бізде тек қана қазақ тілді орта болғанда мұншама көп адам келмейтін ба еді?», – деп қорытындылады ойын Владислав Тен.
Кез келген тілді үйренуге болады
“Мен қазақша жақсы сөйлемесем де, менде нәтиже бар. Әдістеме жасаушы болғандықтан, оны шет тілі ретінде қалай үйренуге болатынын білемін. Бір жылдың ішінде кемінде 3-4 сағаттан қазақша контент тыңдап жүрдім. Тіл үйренудің құпиясы да осында жатыр.
Қазақ тілін үйрету адамдарға өз ана тілдерінде жүзеге асады. Бізде елде адамдар қазақ тілінің бастапқы деңгейін үйрене алмай жатады. Кез келген тілді үйренуге болады. Мәселен, кен кез келген тілді үйрене аламын.
Бұл менің сізден ақылдырақ екенімді білдірмейді. Бұл дегеніміз мен тілді оңтайлы үйрендің жолдарын білемін деген сөз. Үйрену процесі кезінде қазақша кітаптарды оқитынмын. «Абай жолы» романын 2-3 рет оқыдым, «Көшпенділер» романымен де таныспын. Жаңалықтарды да қазақша тыңдап, оқыдым. Әрине, тілді толық меігеріп кеттім деп айта алмаймын. Қазақ тілі – өте бай тіл. Сөздердің алуандығы, мақал-мәтелдері – бөлек дүние. Бірақ менің деңгейім қазақ тілін шет тілі ретінде үйретуге жетеді”, – дейді ол.
Қазақ тілін дамытудың жолдары
Теннің сөзінше, қазақ тілін үйрету үшін қызығушылық тудыру мүмкін емес.
Ол үшін жағдай, қажеттілік жасау керек.
“Өзімізден бастасақ, бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, ал орыс тілін тек сөз таба алмағанда, қатты керек кезде ғана қолдансақ, сонда ғана орыстар, қазақ тілін білмейтіндер тілді үйренуге тырысады. Ресейліктер елде орыс тілін қолданып, адамдармен сөйлесе алатынын біледі.
Қазіргі таңда қазақ тілінің граммаитикасы, фонетикасына арналған кітаптар жазып жатырмын. Бұл кітаптар қазақстандықтарға арналған.
Біздің мақсат – қазақ тілді Қазақстанды құру. Бұл орыс тілі «кетсін» деген сөз емес. Қалсын, егер қажеттілік жоғалса, тілге сұраныс азаяды. Қазіргі таңда қажеттілік, сұраныс бар. Қазір біз тек қана қана қазақ тілінің дамуымен айналысуымыз керек, бұл қолданысты арттыру қажеттілігін тудырады”, – дейді ол.