Алматы облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті заңсыз интернет-казино ұйымдастырды деген қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттігік мәліметінше, 1Win интернет-платформасы 11 мыңнан астам онлайн ойынға, сондай-ақ спорттық және киберспорттық оқиғаларға бәс тігуге мүмкіндік берген.
Бәс қабылдау және ұтыстарды төлеу банк карталары, электронды төлем жүйелері және криптовалюта арқылы жүзеге асырылған.
Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланып, оларға қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Қылмыстық жолмен алынған күдіктілердің мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа дейінгі тәркілеу шаралары қолданылған. Оның ішінде Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser автокөліктері, сондай-ақ банк шоттарындағы 151 млн теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро бар», — делінген хабарламада.
Сот қаулысымен жалпы құны 420 млн теңгеден асатын мүлік тәркіленді.



