Қоғам

«Менің Республикам» тілдік батлы – Тәуелсіздік рухын тоғыстырған жарқын жиын

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстанда өңір жастарының білімін, талпынысын және рухани бірлігін айшықтаған ерекше тілдік батл – «Менің Республикам» өтті. Бұл шара үш тілдің өрісін кеңейтіп қана қоймай, жас буынның елге деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін тереңдете түсті.

Өңірдің әр аймағынан келген алғыр да ізденімпаз командалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен сынға түсті. Олар тарих пен мәдениетке қатысты сауалдарға жауап беріп, ой ұшқырлығын, сөздік қор байлығын, өзара үйлесімді жұмыс істей білу қабілетін паш етті. Әр кезең – мазмұны терең, қарқыны жоғары, шығармашылығы мол нағыз білім сайысына айналды.

Ұйымдастырушылар тілдік батлдың мәні жай жарыс емес екенін атап өтті. Мұндай алаңдар жастардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырып, ел тарихын терең меңгеруге жетелейді. Ең бастысы, қатысушылардың бойында туған Республикасына деген мақтаныш пен елдік рухты күшейтеді.

Жеңімпаздар арнайы кубоктармен және алғыс хаттармен марапатталды. Ал қатысушылар үшін бұл күн – жаңа достықтың, тың шабыттың және өз мүмкіндіктерін ашудың жарқын сәтіне айналды.

Тәуелсіздік апталығының көрігін қыздырған «Менің Республикам» тілдік батлы – ел бірлігін, жас буынның биік арманын және дамуға деген ортақ ұмтылысын айқын көрсеткен тағылымды оқиға болды.

TuraNews

Back to top button