Басты

Мемлекет басшысы Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Turanews.kz тілшісі.

«Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр.

Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек», — деген Мемлекет басшысы Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатқанын еске салды.

«Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозуы салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан, мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

TuraNews

Back to top button