БастыСаясатЭкономика

Мемлекет басшысы Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады.

Кездесуде Президент Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Мемлекет басшысы былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды.

– Біз Тәжікстанмен достыққа құрылған қатынастарды жоғары бағалаймыз. Екі елдің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Қазақстан жұртшылығы бауырлас тәжік халқына ерекше ықылас танытады. Елдеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Бұл екіжақты байланысты белсенді дамытуға ұмтылысымыздан да байқалады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қазақ-тәжік ынтымақтастығын арттыруға қосқан теңдессіз үлесіне айрықша назар аударды.

Сироджиддин Мухриддин тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Тәжікстан өзара тиімді ықпалдастық орнатқанын, ол бауырлас халықтардың мүддесі үшін достық пен одақтастық рухында ұдайы дамып келе жатқанын жеткізді.

– Тәжікстан Қазақстанмен арадағы бауырластық әрі тығыз байланысты ерекше құрмет тұтады. Сіздің ел біздің маңызды серіктесіміз. Екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара түсіністік бар. Екі ел қатынастары үшін былтыр айтулы жыл болды, ықпалдастығымыз одақтастық деңгейіне көтерілді, – деді министр.

Тәжік дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент Эмомали Рахмонның сәлемін жеткізіп, тәжік тарапының Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Әңгімелесу барысында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Әсіресе, экономика, сауда, транзит, цифрландыру, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сироджиддин Мухриддин өңірлік қауіпсіздік, су-энергетика саласындағы серіктестік, сонымен қатар Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейтін бірлескен шаралардың жай-күйін талқылады.

TuraNews

Back to top button