Медицина – болашақ үшін: Өскеменде дәрігерлер жаңа Конституция жобасын қолдады

Конституциялық кепілдік – ана мен бала денсаулығын қорғаудың берік негізі
Әлеуметтік кепілдік пен медициналық қолжетімділік: Жаңа Конституцияның басым бағыты
Коалиция өкілдері Өскемен қаласындағы «Ан мен бала» орталығының ұжымымен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының маңызы мен мәнін жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына қатысты енгізілетін өзгерістерге ерекше назар аударылды. Азаматтардың денсаулығын қорғау, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған конституциялық нормалар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.
Коалиция мүшесі Зарина Камасова өз сөзінде референдумға ұсынылып отырған Жаңа Конституция жобасында денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды нормалар қарастырылғанын атап өтті.
Атап айтқанда, жобаның 32-бабында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы және оны іске асыру тетіктері бекітілген. Сондай-ақ заңда белгіленген көлемде медициналық көмек алу құқығының сақталатыны нақтыланады.
«Конституция жобасында әр азаматтың денсаулығын қорғауға құқығы нақты әрі айқын бекітіледі. Әсіресе, азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын айқындайтын және оны іске асыру тетіктерін белгілейтін 32-баптың маңызы зор. Жобада медициналық көмекті заңда белгіленген көлемде алу құқығының сақталуы нақты көрсетілген. Сонымен қатар медициналық көмекті қаржыландыру көздерін бюджеттен тыс қаражат есебінен кеңейту туралы норма да өзекті. Бұл әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Жаңа Конституция жобасы осы бағыттағы әлеуметтік кепілдіктерді нығайтып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға берік негіз қалайды.
«Ана мен бала денсаулығы – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Конституция жобасында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына ерекше көңіл бөлінуі біз үшін аса маңызды. Бұл нормалар сала мамандарына тұрақтылық пен сенімділік береді, ал ең бастысы – пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Біз үшін әрбір ананың қауіпсіз босануы, әрбір баланың сапалы медициналық көмек алуы – басты міндет. Сондықтан адам өмірі мен денсаулығын ең жоғары құндылық ретінде айқындайтын жаңа Конституция жобасын толық қолдаймыз», – деді «Ана мен бала» орталығының дәрігері Талант Арыстанбеков.
Кездесу барысында коалиция мүшелері 15 наурызда өтетін референдумның маңыздылығын атап өтіп, әрбір азаматты ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға шақырды.


