
Іс-шара қонақтары Мәскеуде және Қазақстанда қоса аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, Ресей өңірлерінен келген отандастар, астаналық жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өзінің құттықтау сөзінде Наурызды жаңарудың, ниет пен іс-әрекеттер тазалығының, бірліктің, ата-бабалардың дәстүрлері мен өсиеттеріне адалдықтың символы деп атады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырдағы отырысында исламға дейінгі дәуірдің тереңінен келе жатқан осы ежелгі мерекенің маңыздылығын ерекше атап өткенін еске салды. Елші Наурыздың біздің ұлттық бірегейлігіміз үшін үлкен, салт-дәстүрлік маңызы бар екенін атап өтті. «Біз Мәскеуде жұмыс істейтін азаматтарымызды, отандастарымызды осындай жылы көктемгі көңіл-күй және достық атмосферасында жинауды көптен бері қаладық. Бүгінгі кездесу – бір-бірімізге жылы тілектер айту және қуанышты жаңалықтармен бөлісу үшін керемет мүмкіндік», – деп атап өтті Д.Абаев.
Іс-шара қонақтары, оның ішінде Ресейдің түрлі аймақтарынан келген көптеген отандастарымыз өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті, Түмен қазақтарының өкілі Есенғали Ибраев Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас облыстарында Наурыз мерекесінің дәстүрлі түрде кеңінен атап өтілетінін айтты. «Бүгінде ХШЖК-де жалпыресейлік Наурыз өтіп жатыр деуге болады. Бұл жарқын, көктем мерекесі. Біз оны жыл сайын асыға күтеміз», – деп бөлісті ол.
Тағы бір отандасымыз, Мәскеу қазақтарының өкілі Мерген Исенғалиев осындай мерекені ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. «Біз Мәскеуде тұрсақ та, Отанымызды ұмытпаймыз, дәстүрлерімізді құрметтейміз, сақтаймыз және ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз. Біз мұндай іс – шаралардың Мәскеуде өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз, өйткені олар Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты нығайтуға елеулі үлес қосады», – деді ол.
Ресей Федерациясындағы «Қазақ тілі» халықаралық орталығы өкілдігінің басшысы, Орынбордан келген отандас Сәуле Дулати да осындай іс-шараның Мәскеуде өтіп жатқанына қуанышын білдіріп, оны ұйымдастырып жатқан Елшілікке алғыс айтты. Мерекеге ол қазақ халқының салт-дәстүрлерінің керемет сұлулығын көрсететін ұлттық киіммен келді. Ал РФ СІМ Дипломатиялық академиясының студенті Алтынбек Нұрманбек «Мен өз үйімде болып қайтқандаймын!» – дей отырып, осындай мереке күні өз отандастарымен бірге болған әсерімен бөлісті.
Өз тарапынан «Көркем әдебиет» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин соңғы 20 жылда Наурызға арналған іс-шараларға үнемі қатысып келе жатқанын айтып өтті. «Бұл нағыз көктемгі жаңғыру мерекесі. Маған қазақ әуендері ұнайды. Мен қазақ мәдениетімен жақын таныспын, өйткені «Көркем әдебиетте» қазақ классиктерінің де туындылары басылады», – дей отырып, ол қазақстандықтарды Наурызбен құттықтады.
Іс-шара қонақтары қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татып, заманауи қазақ өнерінің бүкіл әдемілігі мен байлығын бейнелейтін концерттік бағдарламаны тамашалай алды. Мәселен, көрермендерді «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, опера әншілері Расул Жармағамбетов пен Ұлпан Әубәкірованың өнерлері бей-жай қалдырмады.
Наурыз мейрамы керемет өтті, ол Мәскеуге қазақ мәдениетінің бір бөлігімен бірге жарқын үміт пен тамаша көңіл-күй сыйлады.