Белгісіз қарулы топ Мәскеу түбіндегі «Крокус Сити холл» концерт залына 22 наурыз кешке – мыңдаған адам жиналған концерт басталар кезде шабуыл жасаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан қарулы топтың ғимарат ішінде жүргені, кездескендердің барлығына оқ жаудырғаны көрінеді. Шошынған жұрт жүгіріп, сыртқа шығуға ұмтылған.
Ғимаратта кемінде екі жарылыс болып, өрт тұтанған.
Ресей тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады.
Концерт залына келген құқық қорғау органдары ғимаратты қоршап, жұртты шығарып, шабуылдағандарды іздеген. Күштік құрылымдардың ғимаратқа басып кіргені, шабуылдағандардың жасырынып үлгергені, арнайы жасақтың оларды іздегені жөнінде хабар тарады. Әлеуметтік желіде шабуылдағандар қашқан болуы мүмкін көліктің суреті жарияланды.
Ресейдің көптеген қалаларында демалыс күндерге белгіленген қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, қоғамдық орындар жабылды.
Сенбіге қараған түні Мәскеуде Tele2, «Мегафон», «Билайн» және МТС ұялы байланыс нашарлаған.