Туризм

Маңғыстауға келетін туристер саны екі жылда 6%-ға көбейді

Маңғыстау облысына кейінгі екі жылда саяхаттап келген туристер саны 6%-ға өскен, деп хабарлайды Turanews.kz.

2021 жылы өңірге 29 мың саяхатшы келсе, былтыр бұл көрсеткіш сәйкес кезеңмен салыстырғанда 41 мыңға жеткен.

Облыстың оңтүстік әрі солтүстігінде туристер ерекше қызығушылық танытатын 200-ге жуық тарихи-мәдени орын бар. Саяхатшылар көбіне  түбектің оңтүстік беткейіндегі «Бекет ата» жерасты медресе-мешіті мен «Бозжыра» шатқалына баруды жөн санайды. Өңірде 13 мыңнан астам тарихи-мәдени, өлкетану ескерткіші бар. Облыстың солтүстігіндегі туристік орындардың да танымалдығы артып келеді. Мәселен, Таушық ауылының іргесіндегі «Шахта», «Жалбырттың сайы», «Сартас» пен «Шақпақ ата», «Сұлтан үпі» жерасты мешіттерін тамашалауға туристердің қызығушылығы мол.

«Маңғыстаудың солтүстік бағыттағы туристік орындары саяхатшылардың қызығушылығын тудырады. Мәселен, Таушық ауылының маңында 1941-1943 жылдары 8 шахта жұмыс істеген. Өндірілген көмір «Сартас» теңіз порты арқылы соғыс уақытында Ресейге жөнелтілген. Ал, «Жалбырттың сайы» табиғат қолымен бедерленген тас мүсіндермен ерекшеленеді. «Шақпақ ата» жерасты мешіті тарихи деректерге бай», — дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев.

Түбек табиғатын тамашалағысы келетін туристер үшін қолайлы жағдай да жасалып жатыр. Мәселен, Сартас шығанағы аумағында өткен жылы заманауи үлгідегі орталық ашылған. Содан бері Алматы, Астана қалаларынан 700-ден аса турист саяхаттап үлгеріпті.

«Бір мезетте 100 адам тамақтанып, 20 турист қона алады. Алдағы уақытта орталық аумағында 6, 8,16 қанатты 9 киіз үй тігуді жоспарлап отырмыз. Туристер қазақ халқының мәдениетін, тұрмыс тіршілігін, сонымен қатар гастрономиясымен толық таныса алады», — дейді «Сартас сапар» орталығының директоры Ербол Байжігітов.

Саяхатшылар киелі мекеннің тылсым тарихын зерделеп, түбектің ежелгі Тетис теңізінің табаны болғандығын дәлелдейтін көне деректермен таныса алады. Қасқыр тістерін, Византия елінің теңгелерін көріп, табиғи өнімдердің дәмін татып, таза ауада демалуына мүмкіндік бар.

TuraNews

Back to top button