Мал ұрлығы болмас үшін төрт түлікке чип тағу қажет
Ішкі істер министрлігі мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеуді ұсынады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлден айтты.
«Ең өткір проблемалардың бірі — есірткінің жаңа түрлерін шығару және оларды тікелей байланыссыз сату тәсілдері арқылы жасырын сипат алған бүркемеленген есірткі қылмысымен күрес», — деді Ермек Шүлден.
Оның сөзінше, аталған мәселелерді шешу үшін министрлік мына бастамаларды ұсынып отыр:
— мектептерде және жоғары оқу орындарында кәмелетке толмағандарға скрининг қолдану арқылы есірткі пайдалану фактілерін ерте анықтау жүйесін енгізу;
— жеке емхана, жедел жәрдем, аурухана, сондай-ақ салауатты өмір салты мен ЖИТС орталықтарын тарта отырып, нашақорлардың шынайы есебін шығару;
— сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру;
— кеден және шекара қызметтерi органдарын қазiргi заманғы инспекциялық жабдықпен жарақтандыру.
«Сонымен қатар, барлық қылмыстардың 90%-ын құрайтын ұрлық пен мал ұрлығының жасалу себептері мен шарттарын жою шаралары қабылданады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу негізінде мал басын есепке алуды енгізу, иесіз малға арналған қоралар жасау, ет өнімдерін өткізуге арналған жасырын сауда орындарын анықтау және жабу. Бұлардан өзге, байланыс операторларының ұрланған мобильді құрылғыларды бұғаттау, ұрланған заттарды, әсіресе ломбардтарда, комиссиялық дүкендерде сату тәртібін бақылау. Мұның барлығы Цифрландыру, Ауыл шаруашылығы, Сауда министрліктерімен, бизнес қауымдастықпен, ұялы байланыс операторларымен және әкімдіктермен өзара әрекеттесу барысында жүзеге асырылады», — деп түйіндеді Ермек Шүлден.