Экономика

Мәжіліс Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалдау көлемін арттыратын құжатты қабылдады

Мәжіліс депутаттары Заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.

«Аталған келісім әртүрлі көлікті пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім мемлекеттерді байланыстыратын темір жол желілерінде, оның ішінде халықаралық контейнерлік блок пойыздар үшін тиісті байланыстар мен транзиттік қызметтерді ұсынуды қарастырады. Каспий теңізінде тұрақты темір жол-паромдық операцияларды жүзеге асырады. Сондай-ақ кедендік рәсімдеу ережелерін есепке ала отыра, екі ел арасындағы жүктерді халықаралық тасымалдау шарттарын айқындайды. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол өз кезегінде құрамдас бағдар болып саналады. Оған темір жол, автомобиль және су көлігі жұмылдырылған», — деді заң жобасына қатысты баяндама жасаған Көлік министрі Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 19-23 күнді құрайды. Оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша – 6 күн. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе аз.

«Аталған келісім Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға әсерін тигізеді. Жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, темір жол және су көлігімен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Мәжіліс депутаттары Заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button