Қоғам

Мәжіліс депутаты еліміздегі жылу электр орталықтарын тексеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі жылу электр орталықтарына қатысты жағдайды тексеру бойынша Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Елімізде жылыту маусымы басталмай жатып, Қазақстан қалаларында жылу электр орталықтары істен шығып, Риддер, Екібастұз қалаларында техногенді апат жағдайы қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға шұғыл баға беріп Үкіметке еліміздің барлық жылу объектілерін тексеріп, апатты жағдай болмауы үшін тиісті іс-шаралар жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Екібастұз қаласына барып, қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болып, жұртшылықтың пікірін тыңдады. Мәселені жұртшылықпен жан-жақты қарастырдық», — деді Е. Саиров.

Оның айтуынша, энергетика саласындағы негізгі проблемалар магистраль желілерінің тозуына қатысты болып тұр. Екібастұзда желілердің тозу дәрежесі 91 пайызға жеткен. Бұл тұрғыда жылу электр орталықтарын жаңартуға назар аударылмаған, сондай-ақ осы инфрақұрылымға инвестиция жеткіліксіз болып тұр.

Депутаттың пайымынша, стратегиялық нысандарды түрлі жолмен әділетсіз иемденіп, осы халықтың мүлкін ондаған жылдар бойы игеріп, пайда тауып отырған олигархиялық топтар еліміздің аумағындағы магистраль желілері мен жылу электр станцияларын жаңғыртуға қаржы салғысы келмейді.

«Олигархиялық топтар бұл нысандардың пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы мемлекетке, халыққа ілмекші. «AMANAT» партиясы халықтың мұң-мүддесі, әр-бір азаматтың жан тыныштығы басты мақсат деп есептейді. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мына мәселелерге баса назар аударуы қажет. Біріншіден, энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу керек. Екіншіден, жылу электр орталықтарының, магистарль желілерінің тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тариф аясында инвестициялық қаражаттың қайда кеткенін анықтау керек», — деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар ол жылу электр орталықтары мен тиісті желілердің техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру керек екенін атап өтті.

«2015-2022 жылдары жылу жүйелеріне түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 183 млрд теңге бөлінген. Осы соманың қайда, қалай жұмсалғанына тексеру жүргізу маңызды. Жалпы энергетика саласына , қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты мән беру керек», — деді Е. Саиров.

27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button