
Мәжіліс 2025 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Бүгін біз 2025 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткіздік. Бұл жыл саяси жағынан да, заңнамалық тұрғыдан да оқиғаларға толы болды. Жыл басында ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаған, ауқымды саяси реформалардың негізін қалаған маңызды құжат – Мемлекет басшысының тарихи Жолдауының үш жылдығы атап өтілді. Осы айтулы оқиғаға орай біз арнайы бір пленарлық отырыс өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша, еліміздің барлық азаматын ортақ мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру жолында топтасуға шақыратын қарар қабылданды», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Биылғы жыл елдігіміз үшін маңызы зор мерейтойларға толы болды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өттік. Ол – тәуелсіздік пен құқықтық тәртіптің іргетасына айналған негізгі заңымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттардың бастамашылығымен Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданды. Ол ізгіліктің символына айналды деуге болады. Еліміздегі 17 мыңға жуық сотталған адам осы рақымшылық талаптарына ілікті. Өткен жыл Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігін еске алуға арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Мәжіліс депутаттары да халықаралық деңгейдегі және ел ішіндегі ауқымды іс-шараларға қатысып, Ұлы Жеңіске тағзым етті. Бұл тарихи оқиға бейбіт күннің бағасын терең ұғындырып, сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерен ерлігі мен қайсарлығын тағы да жадымызда жаңғыртты», – деді Мәжіліс спикері.
Оның айтуынша, жұртшылықпен тікелей диалог орнатқан бірегей алаң – Ұлттық Құрылтай жиындары жалғасын тапты. Осы орайда Президенттің Бурабайда сөйлеген сөзі бағдарламалық сипатқа ие болды.
Ерлан Қошанов 2025 жыл сыртқы саяси белсенділік артып, маңызды халықаралық бастамалар қарқын алған кезеңге айналғанын баса айтты.
«Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жалпы дебатына; Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына; Тәжікстандағы ТМД көшбасшылары кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Президент Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайта түсетін басқа да маңызды халықаралық іс-шараларға қатысты. Бұдан бөлек, жыл бойы Мемлекет басшысының стратегиялық маңызды сапарлары мен шетел басшыларының елімізге қарымта сапарлары болды.
Президенттің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл Қазақстанның жаһандық диалогтың белсенді және сенімді қатысушысы ретіндегі рөлін тағы бір нақтылай түсті», – деді Мәжіліс төрағасы.



