БастыМәдениет

Мажарстанда Алматы музейінің көрмесі ашылды

Мажарстанның «Карцаг Кинче» музей орталығында 2024 жылдың 3 қазан күні Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды Түріксойдың баспасөз қызметі.

Екі бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлігінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін сипаттайтын экспонаттар және музыкалық аспаптар ұсынылған. Ал көрменің келесі бөлімінен Алматы шаһарының әсем табиғаты мен заманауи келбетін көрсететін фотосуреттерді тамашалауға болады.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан 200-ден астам экспонат ұсынылған, олардың ішінде XIII ғасырда Алматы аумағында соғылған күміс теңгелер (дирхемдер) бар.

Айта кетсек, «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесі Мажарстан астанасы Будапештте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына ескерткіш қойылғанына он жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда көрмеге қойылған маңызды экспонаттардың бірі — Абай Құнанбайұлының өзі қолданған жеке домбырасы.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы мырза мәдени шараның маңызына тоқталды.

«Еуропаның кіндігінде сегіз ғасыр бойы өз мәдениеті мен ата-бабаларының рухани құндылықтарын сақтап, бүгінгі күнге дейін гүлденіп келген қыпшақтарға Ұлы даладағы қазақтардың мәдени құндылақтарын таныстыру – бүгінгі ұрпаққа міндет. Мажарстанда тұратын қыпшақ ағайындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен көңіл бөлетінімізді атап өткім келеді. Сіздердің екі мемлекет арасындағы «алтын көпір» екендеріңізге сенімім мол. Мажарлар халқында «Жақсы дос алтыннан да қымбат» деген жақсы сөз бар. Біз барынша арамыздағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетіп, жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз», — деді А.Сапарбекұлы.

Карцаг қаласының мэрі Тибор Сепеши көрмеге қойылған экспонаттардан ортақ дүниелердің көп екенін атап өтті.

«Көрменің Карцаг қаласында өтуі – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі көрмеден қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, қолданбалы өнері жайлы баяндайтын этнографиялық жәдігерлерді көре аламыз. Көрме арқылы көп дүниенің ортақ екенін байқауға болады», — деді Т.Сепеши.

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, екі елдің арасындағы достыққа септігін тигізбек.

«Бұл көрменің Мажар қыпшақтарының астанасы Карцаг қаласында ұйымдастырылуы – зор мәртебе. Карцаг қаласы – екі ел арасындағы мәдени көпірге айналған тарихи маңызы бар қала. Мұндай бірлескен жобалар алдағы уақытта жалғасын табады ден сенемін. Көрмені ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігіне және мажарлық әріптестеріме ризашылығымды білдіремін», — деді Л.Сағындықова.

Көрменің ашылуына келген көпшілік белгілі күйші, домбырашы Еркін Құдайбергеннің орындауындағы танымал күйлер мен белгілі қазақ композиторларының шығармаларына қошемет көрсетіп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Көрме «Карцаг Кинче» музей орталығында 2024 жылғы 20 қарашаға дейін жалғасын табады.

TuraNews

Back to top button