БастыСаясатЭкономика

Made in Turan: қазақстан, түркия және әзірбайжанның франчайзинг қауымдастықтары түркі брендінің келешегін талқылады

Астанада «Атамекен» ҰКП алаңында Әзірбайжан және Түрік франчайзинг қауымдастығының өкілдерімен кездесу өтті. 

Жиынға ҰКП Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева, Сауда департаментінің директоры Әсет Айтбаев, Әзірбайжан франчайзинг қауымдастығының басқарма төрағасы Джамид Мовсумов, «Eufrat» Түрік қауымдастығының басшысы Сүлейман Сойсал және бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Әзірбайжан франчайзинг қауымдастығының басқарма төрағасы Джамид Мовсумов «Made in Turan» брендін таныстырды.

«Биыл Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық форумында Әзірбайжан Франчайзинг қауымдастығы «Made in Turan» брендін таныстырды. Осы ортақ белгімен біз Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан сияқты елдер кіретін түркі мемлекеттерінің өнімдерін таңбалағымыз келеді. Бұл брендтің негізгі мақсаты түркі елдерінде өндірілетін өнімдердің брендингіне көшу», — деп айтты Джамид Мовсумов.

ҰКП Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева қонақтарға жергілікті қоғамның әлеуетін дамыту және нығайтуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасын таныстырды.

«Жобаның басты мақсаты – өңірдегі бірегей өнімді іздеу, жергілікті тауарлар мен өнімдер өндірісін дамытуды ынталандыру. Жоба жергілікті шикізаттан елді мекенде қандай да бір белгілі бір өнімді өндіруге негізделіп отыр», — деді Айдана Тоғызбаева.

Басқосуда «Еufrat» Түрік қауымдастығының жетекшісі Сулейман Сойсал Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуына тоқталды.

«Бүгінгі кездесудің ұйымдастырылғанына дән ризамын. «Атамекен» алаңында біз жергілікті өнім түрлерімен таныстық. Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық күн санап арта береді деп үміттенеміз.

Екі ел арасында ұқсас дүние көп. Менің ойымша, бауырластық біздің жылдам дамып келе жатқан қарым-қатынасымыздың негізі болды», — деп атап өтті Сулейман Сойсал.

Әрі қарай тараптар пікір алмасып, іскерлік байланысты кеңейту жолдарын талқылады.

Кездесу соңында Әзірбайжан және Түрік франчайзинг қауымдастығының өкілдері қонақжайлылық үшін алғысын білдірді.

Source
Atameken.kz

TuraNews

Back to top button