Күрдістан жұмысшы партиясын қарусыздандыру ісі қыркүйекте аяқталады
Анкара тыйым салған Күрдістан жұмысшы партиясын (ПКК) қарусыздандыру үдерісін қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстың жүзеге асырылу барысын күндіз-түні Түркияның Ұлттық барлау ұйымы жүзеге асырады, деп жазады Yeni Şafak басылымы.
Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, күрд содырларының қару өткізу жөніндегі ендігі кезеңдері БАҚ беттерінде жарияланбайды.
Қару Ирактың арнайы белгіленген жерінде өткізіледі. Барлығы 250 адам болатын ПКК жетекшілеріне Түркия мен Ирактың шекаралас аудандары мен Сирияда жүруіне рұқсат етілмейді.
Олар үшінші елдерге бара алады, алайда олардың барлығының бір жерге шоғырлануына мүмкіндік берілмейді, деп нақтылады түркиялық арнайы қызмет өкілдері.
ПКК-ның 30 адамнан тұратын алғашқы тобы қаруларын 11 шілде күні тапсырды. Қару тапсыру рәсімі Ирак Күрдістанының бөлігі саналатын Сулеймания провинциясында өтті.
Террористік әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын Түркияда өтеп жатқан ПКК көшбасшысы Абдулла Оджалан 2025 жылдың ақпанында ұйыммен байланысты барлық құрылымдарды қаруларын тастап, Түркиямен қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырды. Республика билігімен 50 жылдан астам уақыт қарсыласып келген партия мамыр айында ұйымды тарату туралы шешім қабылдады.