Конституциялық сот — Елбасы туралы заңның күші жойылды
Қазақстанның Конституциялық соты бір топ депутаттың өтінішін қарап, «Тұңғыш президент — Елбасы» заңының күшін жойды, деп хабарлайды Turanews.kz соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Конституциялық сот бұл шешім «2022 жылы 5 маусымда өткен референдум нәтижесіне» және «Қазақстан халқының еркіне негізделе шығарылғанын» айтады.
«2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады.» — денілген хабарламада.
«Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.» деп мәлімденген