Конституциялық кепілдік – педагог мәртебесін нығайтудың негізі

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымымен Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиында коалиция мүшелері жаңа Ата заңның білім беру саласына қатысты негізгі нормаларын түсіндіріп, олардың маңызына тоқталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Кездесу барысында Конституциялық тұрақтылық, мұғалім мамандығының қорғалуы және білім беру жүйесіндегі бірыңғай стандарттардың рөлі кеңінен сөз болды. Жаңа Конституция жобасында бастауыш және орта білімнің міндеттілігі бекітіліп, оны мемлекеттік оқу орындарында алуға кепілдік беріледі. Бұл педагогикалық еңбекке тұрақты әрі ұзақ мерзімді сұранысты қамтамасыз етіп, мұғалім мәртебесін күшейтеді.
«Конституцияда білім алуға кепілдіктің нақты әрі айқын бекітілуі – бұл тек оқушылар үшін емес, педагогтар үшін де маңызды құқықтық тірек. Мұғалім мемлекеттің конституциялық міндетін жүзеге асыратын негізгі тұлға ретінде танылуы тиіс. Жалпыға міндетті білім беру стандарттарының бекітілуі педагогтарды негізсіз жүктемеден, әкімшілік қысымнан және келісілмеген талаптардан қорғайды. Бұл – кәсіби тұрақтылық пен сапалы білім берудің кепілі», – деді коалиция мүшесі Савелий Мужчиль.
Сонымен қатар жиында білім беру жүйесінің зайырлы сипаты мен мемлекеттік және жекеменшік оқу орындары үшін бірыңғай талаптардың сақталуы педагогтардың кәсіби еркіндігін қамтамасыз ететіні айтылды.
Кездесу соңында коалиция мүшелері 15 наурызда өтетін референдумның маңыздылығын атап өтіп, білім саласының өкілдерін ел болашағына қатысты маңызды шешімге белсенді қатысуға шақырды.




