ҚоғамМәдениет

Конституция күні Астанада қандай шаралар өтеді?

Астана қаласында Конституция күніне арналған шаралар 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп жазады Turanews.kz  ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Конституция күніне арналған шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы — Мажарстан, Грузия, Израиль және Өзбекстаннан келген өнерпаздардың қатысуымен өтетін «The Spirit of Astana» халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі болмақ. Брифингте музыкалық шараның 30 тамызда сағат 12.00-ден 22.00-ге дейін «ЕХРО» көрме кешенінің аумағында өтетіні айтылды.

Сондай-ақ, 30 тамызда сағат 14.00-ден 21.00-ге дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Орталық қалалық саябақтағы «Salem fest» бояу фестиваліне қатыса алады.

Сағат 19.00-де елордадағы Амфитеатрда Dequine, Moldanazar, Мирас Жүгінісов сияқты танымал өнерпаздардың концерті ұйымдастырылады.

Осы күні сағат 12.00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының алдындағы ашық алаңда концерт өтеді. 2 қыркүйекте өнер ордасы Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» драмасымен театр маусымын ашады.

1-3 қыркүйекте Қуыршақ театры «Алдар көсе» халық ертегісі негізінде спектакль ұсынады.

Соондай-ақ, «Көктал», «Үркер», «Өндіріс», «Интернациональный» тұрғын алаптарында «Keruen Fest» мерекелік бағдарламасы ұйымдастырылады. 30 тамызда сағат 12.00-де «Көктал» шағын ауданының «Қорғалжын» саябағында тегін мерекелік концерт жоспарланған.

Астана қаласының біріккен мұражайлар дирекциясында «Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң», «Ядролық қарусыз әлем – Қазақстанның жаһандық миссиясы» дәрістері, сондай-ақ «Ата Заңым — айбыным» көрмесі өтеді. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханаларында оқырмандар үшін шеберлік сыныптары мен танымдық-ойын-сауық сабақтары өтеді.

«Алдағы күндері елорданың бес ауданында жергілікті тұрғындар үшін «Көңілді старт» эстафетасы өтеді. Есіл ауданы ұйымдарының ерлер командалары арасында футболдан жолдастық кездесу жоспарланған», — дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Мереке күні дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ұлдар мен қыздар арасында эстафета жоспарланған. «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары арасында шағын футболдан мерекелік жолдастық кездесу өтеді.

TuraNews

Back to top button