Көкшетауда Конституция күні көңілді өтті!
2025 жылдың 30 тамызында Көкшетаудағы «Жағалау» жағасында ерекше мерекелік кеш өтті.
Конституция күніне орай ұйымдастырылған «Жайдарман» ойыны елдің әр түкпірінен келген жастарды жинап, думанды кешке айналды.
Сахнаға шыққан командалар шын мәнінде көрерменді бір күлдіріп, бір ойландырды. Әрбір қойылымның өз ерекшелігі болды. Қаланың тұрғындары мен қонақтары ду қол шапалақтап, жастардың өнерін ерекше ықыласпен тамашалады. Атмосфера мерекелік, думан-тойға ұласты.
Жанкүйерлер үшін ең қызығы жеңімпаздарды анықтау сәті еді. Қазылар шешімімен: 1 орын — «Абибас» (Астана), 2 орын — «Эверест» (Алматы) және «Рудный» (Қостанай), 3 орын — «Дежавю» (Орал). Жүлдегерлерге лайықты сыйақылары берілді: бірінші орынға — 1 млн теңге, екінші орынға — 500 мың, үшінші орынға — 250 мың теңге.
«Бүгін біз Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойын айрықша сән-салтанатпен атап өттік. Жайдарман жастары өз өнерімен мерекелік көңіл-күйді жарқыратып, шаттық пен қуаныш сыйлады. Сол үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Қадірлі көкшетаулықтар, баршаңызды осы ұлық мерекемен құттықтаймын! Көкшетауда Конституция күні көңілді өтті!» — деді Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.
Жайдарманнан кейін концерт өтті. Танымал әншілер сахнаға шығып, көпшілікті әуезді әнімен қуантты. Жастар би алаңында көңіл көтерді, ал қонақтар фуд-корттар мен фотозоналарды аралап, қызықты сәттерді естелікке қалдырды.
Бұл кеш Көкшетау халқы үшін ғана емес, күллі ел жастары үшін есте қаларлық мереке болды. Әзіл мен шаттыққа толы «Жайдарман» Конституция күнін шын мәнінде халықтық мерекеге айналдырды.