13-20 тамызда Шолпан-Ата ипподромында көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Көкпар федерациясының президенті Талас Бегалиев мәлім етті, деп жазады Turanews.kz «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.
Айтуынша, халықаралық турнирге 8 елдің командалары қатысады. Жарыстар 3 түрлі форматта өтеді.
«Бірінші форматта Қырғызстан мен Қазақстанның 8 командасы кездеседі. Еліміздің намысын жоғары лиганың «Сары-Өзөн», «Достық», «Ынтымақ», «Мирас» командалары қорғайды. Қазақстаннан Астана, Жетісу, Түркістан командалары мен ұлттық құрамасы қатысады. Екінші форматта 8 елден 12 клуб өнер көрсетеді. Қазір Ресейден қатысуға Мәскеу, Екатеринбург, Новосібір, Алтай және Краснояр қалаларынан 5 команда өтініш білдірген. Үшіншіге АҚШ, Түркия, Қазақстан, Венгрия, Өзбекстан, Моңғолия командалары қатысса, Қырғызстаннан 1 команда өнер көрсетеді», — деді ол.
Ол Қырғызстан мен Қазақстанның 45 жастан асқан ойыншылары арасындағы жолдастық турнирлер үшінші форматта өтетінін атап өтті.
Баспасөз конференциясына қатысушылар халықаралық турнир Президент Садыр Жапаровтың қолдауымен және қатысуымен өтетінін және оны 2 жыл сайын Шолпан-Атада өткізуді жоспарланып отырғанын атап өтті.
Чемпионаттың жүлде қоры 5 миллион сом көлемінде жоспарланып отыр.
«Демеушілермен келіссөздер жүргізіліп жатыр және оның қорытындысы бойынша жүлде қорын қосымша жариялаймыз», — деді Талас Бегалиев.
Ал, бас төреші болатын Рамиз Жайлымышов жаңа ережелер қолданылатынын айтты.
«Ойындағы төрешілер саны 5-ке дейін артады. Сондай-ақ, бір тайм 15 минутқа созылады, бұрын 20 минут болатын. Олжа тайқазанға түскеннен кейін ойыншы алаңның ішінде ат үстінде болуы керек, бұған дейін бұл ереже нақты жазылмаған», — деді ол.