Түркістан облысы Келес ауданындағы кәсіпкерлер балық шаруашылығымен айналысуды жоспарлап, арнайы жер телімдерін беруді сұрап отыр. Осы бағытта Келес ауданының басшысы Жәнібек Ағыбаев өңірдегі өзен арналарын жағалай аралап, балық шаруашылығына қолайлы аймақтарды көріп шықты. Жамбыл және Бозай ауылдық округтерін жағалай өтетін Сырдария өзенінің қолайлы тұстарын анықтап, арнайы картаға белгіленді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
– Балық шаруашылығы кәсіптің табысты көздерінің бірі. Аталған шаруашылықты дамытуға мемлекеттік қолдаулар да болады. Бүгінде балық асырап, көбейтемін дегендер халық тығыз орналасқан аймақтағы Келес өзенінің ескі арнасының орнын сұрап келуде. Міне аралау барысында Сырдария өзенінің бойынан талапқа сай келетін аймақтар анықталып отыр. Кәсіп бастап, балық бағамын дегендерге осы аймақтардан жер беруге дайынбыз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, бүгінде Келес ауданында балық шарушылығымен айналысатын 10-нан аса тіркелген кәсіпкерлер бар. Олардың саны жыл сайын артуда. Шаруалардың арасында балықты өсірумен қатар қайта өңдеуді де қолға алғандары бар.