Катонқарағайдағы көріктендіру — жаңару лебінің айғағы
Шығыс Қазақстанның қастерлі өңірі - Катонқарағайда ел жүрегіне жол тапқан мерейлі даталарға орай ауқымды абаттандыру жұмыстары жүзеге асты. Бұл тек табиғат аясындағы тіршілікке рең беріп қоймай, ел рухын асқақтатар шараларға негіз қалады.

Аймақтағы мәдени нысандар мен инфрақұрылымға жан бітірген игі бастамалар елге — қуаныш, жерге — көрік сыйлады, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Осы жұмыстардың шоғырланған басты алаңы — Топқайың ауылы маңындағы Республикалық поэзия фестивалі өтетін киелі төбе болды. Қасиетті Алтайдың төрінде өткелі тұрған жыр мерекесіне орай мұнда арнайы сәкілер мен санитарлық қондырғылар орнату үшін қажетті материалдар алдын ала жеткізілген. Бұл жұмыстарды Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері тиянақты атқарды.
Сондай-ақ Топқайың ауылының өзі де жаңа кейіпке енді. Кіреберістегі арка жаңартылып, аялдама маңына сәнді қоршау қойылды. Жұмыстарға қажетті ағаш бұйымдары алдын ала дайындалып, өңделген.
Белқарағай ауылында төтенше жағдайлар бөлімінің тапсырмасымен жол инфрақұрылымына қажетті инертті материалдар жеткізілді. Мұндағы көріктендіру жұмыстары Белқарағай ауылдық округінің әкімі Айбек Ельчибековтің жетекшілігімее жүзеге асуда.
Ал Топқайыңда бес көшеге тас төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп, екі көшеде жарық шамдары орнатылды. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сай жүйелі атқарылуда.
Елмен етене болу — ел басқарған азаматтың міндеті. Осы орайда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Қайрат Жүнісов учаскелік инспектор Сырым Шамалхановпен бірге Топқайың ауылының тұрғындарымен кездесіп, ашық пікір алмасты. Кездесуде көше көркі, тазалығы, қоршаулар мен аулалардың абаттануы секілді мәселелер ортаға салынды. Әсіресе, үй маңын көгалдандыру мен қоршау эстетикасына баса назар аударылды.
Бұл игі істер — табиғат пен тарих үндескен қасиетті мекеннің келбетін жаңғыртып қана қоймай, руханият пен өркениеттің тоғысында тұрған Катонқарағайдың мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтата түсері анық.