Катонқарағайда поэзия фестивалі жалғасуда
Алтайдың төрінде, табиғаты тамсандырған киелі Катонқарағай ауданында республикалық деңгейдегі ауқымды мәдени шара — “Төр Алтай Қалиханын және Дидахметін жырлайды” атты поэзия фестивалі өз жалғасын табуда.

Бұл – қазақ әдебиеті мен руханиятына елеулі еңбек сіңірген Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының шығармашылық мұрасына деген елдік тағзымның айғағы, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Аталған шарада елдің түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар, айтыскерлер, жазушылар мен әдебиетсүйер қауым бас қосты. Фестиваль аясында поэзиялық кештер, әдеби естеліктер мен шығармашылық кездесулер өтіп, жиналған жұрт қазақ сөз өнерінің тереңдігін тағы бір мәрте сезініп отыр.
Рухани жиынның маңызын арттыра түскен қонақтардың қатарында белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиет зерттеушісі Серікзат Дүйсенғазин де бар. Ақын арнайы шақыртумен ат басын бұрып, Алтай өңірінің сырлы табиғаты мен қос алыпқа деген құрметін жыр жолдарымен өрнектеп жеткізді. Оның өнері мен сөзі жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.
Поэзия фестивалі — ұлт руханиятының жарқын көрінісі, әдебиет арқылы ел тарихы мен тұлғаларын ұлықтаудың көркем белгісі. Катонқарағай төрінде бастау алған бұл шара жастарға шабыт, қаламгерлерге құрмет, ал халыққа рухани демеу болары сөзсіз.