Қоғам

Катонқарағай дүкендеріне туристерге арналған QR-кодтар орнатылды

Шығыс Қазақстанның ең көрікті мекендерінің бірі – Катонқарағай ауданында “Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі” атты халықаралық фестиваль басталды.

Бұл үлкен шараға бірнеше елден қонақтар келіп, өңірдің табиғатымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысып жатыр, деп хабарлайды TuraNews.kz тілшісі.

Қонақтар қазірдің өзінде Рахман қайнары, Язевое көлі, ерекше көрінісімен танымал Коробиха ауылы сияқты әйгілі орындарды аралап үлгерді. Фестиваль қарсаңында ескі ат жарысы алаңы қалпына келтіріліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге жайлы жағдай жасалды.

Туристердің жайлылығы да ескерусіз қалған жоқ. Ауданның барлық дүкендеріне QR-кодтар орнатылды. Оны телефонмен сканерлеу арқылы қонақтар туристік маршруттар, қонақ үйлер мен көрнекті орындар туралы ақпарат ала алады.

Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл фестиваль – тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін танытатын маңызды жоба. Мақсат – Шығыс Қазақстанның ерекше табиғатын кеңінен насихаттап, шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын арттыру.

TuraNews

Back to top button