Жобаны Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының қолдауымен «Шекара маңындағы мекендерге арналған спорт алаңы» бастамасы аясында іске асырды.
Бүгін Қатонқарағайда спорт алаңынын ашылуы өтті. Ашылу салтанатына Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас менеджері Алуа Ерлан мен облыстық спорт басқармасы өкілдері қатысты.
1,6 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа спорт алаңы енді Катонқарағай тұрғындарының игілігіне берілді. Оның ішінде:
— Жасанды көгалы бар 40х20 м футбол алаңы;
— 24х16 м тартаннан жасалған баскетбол-волейбол алаңы;
— Көлемі 16х16 м workout аймағы бар.
Соңғы техникамен жабдықталған алаңда спортпен шұғылдану үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ оның жан-жағы толықтай қоршалғандықтан, қауіпсіздік талаптары да сақталған.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамдағы спорттың рөлі мен маңызын дәріптеу. Мұндай спорт нысандары халықтың физикалық белсенділігін артырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды.
Жаңа спорт алаңы жастар мен ересектер үшін негізгі орталыққа айналмақ. Өйткені ол жергілікті тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына және дене шынықтыру шараларына белсене қатысуына оң ықпал етеді.