Туризм

Катонқарағай әлде Катон-Қарағай?

Бүгін Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны – Катонқарағай ауданында халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени оқиға – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі шымылдығын ашты.

Үш күнге созылатын бұл ауқымды шараға шетелден, республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтар көп. Солардың бәрін қызықтыратын көп сауалдың бірі – Катонқарағай атауы нені білдіреді, қайдан шыққан, бұл атау қалай дұрыс жазылады?

Расымен де, мұнда келгендердің бір тобы «Катон-Қарағай» деп дефиспен жазылуы керек десе, енді бірі «Катонқарағай» деген біріккен сөз болуға тиіс деп пайымдайды. Тіпті, тарихи атау бұрмаланып «Катонго-Рогаев» деп айтылып кеткен жағдайлар да кездесіпті. Бұл сауалға нақты әрі мазмұнды жауап беру үшін алдымен атаудың тілдік, тарихи негізіне үңілген жөн.

Сондықтан фестивальға жиналған аудан тұрғындарына аталған сұрақты қойған едік.

– Қазақша аудан атауы «Катонқарағай» деп бірге жазылады. Орысша жеке жазылады. Осы заңдылықты өзім дұрыс деп санайымын, – дейді аудан тұрғыны Талғат Нұртазинов.
Ал Топқайың ауылындағы Қ. Ысқақ атындағы орта мектептің директоры Айдын Сайлауханұлының айтуынша, Қалихан Ысқақтың кітабында «Қатынқарағай» деп те, «Қотанқарағай» деп те атап өтіледі. Түп тарихы әлі белгіленбеген. Тағы да Қалихан атаның еңбектерінде Қатын суынан тараған деген ой кездеседі.
–  «Катон Қарағай» деп жеке жазылғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл жерде Қарағайлы дегенге екпін түсіп тұрғаны мәлім. Сондықтан әр сөзді жеке жазған дұрыс, – дейді Топқайың ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Найманғазы Ибраев.
«Катонқарағай» сөзі – екі түркі сөзі негізінде құралған біріккен атау. «Қарағай» – қазақ тілінде кең таралған сөз, яғни қылқан жапырақты ағаш түрін («сосна») білдіреді. Бұл өңір – қалың қарағайлы орманымен, Алтайдың ну табиғатымен ерекшеленеді. Ал «Катон» сөзінің шығу тегі туралы бірнеше жорамал бар. Бір нұсқада, ол көне түркі тіліндегі «қатын» сөзінің (яғни ханым, ханшайым) дыбыстық өзгеріске ұшыраған нұсқасы болуы мүмкін. Басқа болжам бойынша, бұл – жергілікті көне рулардың атауынан не географиялық ерекшеліктен туған атау. Кейбір деректерде «Катон» сөзі моңғол немесе алтай тілдерінен келген деген пікірлер де кездеседі. Қалай болғанда да, атаудың арғы төркіні тереңде жатыр әрі түркі әлемімен біте қайнасқан.
– Қазақ тілінің қазіргі емле ережесіне сүйенсек, «Катонқарағай» атауы бірге жазылуға тиіс. Бұл – жалқы есімдердің жазылу қағидаларына сәйкес келетін норма. Яғни, екі сөзден құралған жер атауы болса да, дефиссіз және бірге жазылады. Сондай-ақ тек бірінші сөзі – «Катон» ғана бас әріппен жазылады.
Алайда бұл атау жазылымында тарихи қалыптасқан дәстүр де бар. Кезінде «Катон-Қарағай» түрінде дефис арқылы жазылып, кең тараған. Мұндай жазылым нұсқасы, әсіресе, көне ғылыми еңбектерде кездеседі. Мысалы, Потанин, Сапожников секілді зерттеушілердің XIX ғасырдағы еңбектерінде атау дәл осы нұсқада берілген. Сондықтан кейбір дереккөздер мен құжаттарда бұрынғы жазылым дәстүрлі түрде сақталып келеді.
Топонимнің шығу төркініне қатысты да түрлі жорамалдар бар. Кейбір зерттеушілер «Қотан қарағай» сөз тіркесінен шыққан десе, енді біреулері «Қатын қарағай» атауына меңзейді. Дегенмен, кең тараған болжам бойынша, бұл атау топтасып, үйір-үйір болып өсетін қалың қарағай ормандарымен байланысты. Яғни «қотан-қотан» өскен ағаштардың ерекшелігінен «Катон» атауы пайда болған деген пікір айтылады.
Қорытындылай келе, қазіргі ресми жазылымда «Катонқарағай» бірге жазылады. Ал «Катон-Қарағай» формасы қазіргі емле ережесіне сай келмейді, – дейді тіл маманы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры Айгүл Әлімхан.
Қазіргі ресми орфографияға сәйкес, атау «Катонқарағай» деп біріккен түрде жазылады. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктер тізімінде де осылай бекітілген. Сондықтан дефиспен жазу немесе екіге бөліп айту тілдік нормаға сай емес. Алайда орыс тілінде сөздің қостүбірлестігін айғақтау мақсатында болса керек, «Катон-Карагай» деп қолданылып жүр.
Бүгінде Катонқарағай – табиғаты көркем аймақ болуымен қатар, тарихи-мәдени жадыны жаңғыртып, түркі халықтарының рухани тұтастығын дәріптейтін мекенге, қазақ елінің туристік тәжіне айналып отыр. Катонқарағай атауы – ұлы Алтайдың, көк түріктің, далалық өркениеттің ұмытылмас символы. Бұл атау бүгінгі фестиваль аясында тіптен биік мәнге ие болары сөзсіз.

TuraNews

Back to top button