Экономика

Кәсіподақ активтерімен онлайн оқыту семинары өтті

Бүгін, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шартты әзірлеу және жасау» тақырыбында кезекті онлайн оқу-семинары өткізілді. Оған Түркістан және Ақтөбе облыстарының барлық салалық және жергілікті кәсіподақ активтері мен белсенді кәсіподақ мүшелері қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Семинар жұмысын алғы сөзімен ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинардың барысымен таныстырып, «Кәсіподақ қызметінің негізгі мақсаты — кәсіподақ мүшелерінің еңбек, кәсіптік, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» екенін атап өтті.

Семинар барысында өз кезегінде сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының спикері Хансейіт Бөлен әлеуметтік әріптестіктің негізгі қағидаттарына тоқталып, әлеуметтік серіктестікті реттейтін халықаралық нормалары мен әлеуметтік серіктестер қызметін реттеуші заңнамалық негіздері туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, семинар спикері еңбек қатынастары, ұжымдық шарттың қажеттілігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жайында қатысушыларға кеңінен түсіндіре отырып, осы тақырыптарды Қазақстан Республикасы заңнамалығына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес құқықтық міндеттерін талап ету жолдарын слайд арқылы нақты дәлел келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Әрі қарай семинар ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Кәсіподақ активінің толғандырған сауалдарына нақты жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

TuraNews

Back to top button