Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша іс-шаралар жалғасуда

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқығын қорғау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық шеңберінде «Бизнеске жол» жобасын іске асыруда, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерліктің дамуына кедергілер анықталған жағдайда оны шешу жолдарын қарастырып, бизнес өкілдерінің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған жұмыстар жүргізу.
Жалпы осы жылдың 9 айында Өңірлік палатаға кәсіпкерлік субъектілерінен түскен 197 арыз қаралып, оның 83-і бойынша кәсіпкерлердің 915 млн теңге көлемінде мүліктік құқығы қорғалған. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амированың сөзіне сенсек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 10 отырысы өтіп, онда бизнестің жекелеген және жүйелі 22 мәселесі көтерілген.
Нәтижесінде мемлекеттік және құзырлы органдарға жалпы 45 хаттамалық ұсыныс енгізіліп, оның 35-і оң шешімін тапты.