Karanlık Kanyon: әлемдегі екінші үлкен каньон
Түркияның Шығыс Анадолы аймағында Эрзинджанның Кемалийе ауданында орналасқан «Karanlık Kanyon» (Қараңғы каньон) әлемдегі екінші үлкен каньон атағына ие, деп жазады TuraNews.kz TRT NET-ке сілтеме жасап.
Қараңғы каньон сондай-ақ әлемдегі ең қауіпті жолдардың бірі ретінде де белгілі. Әлемдегі қиын және ең қауіпті жолдарды тізімдейтін шетелдік интернет парақшасында «әлемнің ең қауіпті жолы» арасында жарияланған Эрзинджандағы Қараңғы каньон тас жолының Қытайдағы «Голян» туннелінен де қауіпті екені атап көрсетілді. 500-600 метрге ұласатын тік қабырғалары бар Қараңғы каньон күн сәулесін тікелей көрмейтіндіктен осылай аталады. «Кебан су бөгеті» салынғаннан кейін су деңгейі 80 метрге дейін көтеріліп, каньонды бүгінгі таңғажайып және тамаша орынға айналдырды.
Қараңғы каньонның құрылысын сол кездегі аймақта тұратын жергілікті халық 1870 жылы бастаған деген болжам бар. 2002 жылы мемлекеттің қолдауымен кеңейтіліп, көліктер пайдалана алатындай енге жетті. Басқаша айтқанда Қараңғы каньонның құрылысы 132 жылға созылды. Қараңғы каньон алдымен биік таулардан асып, малдарын жайғысы келген адамдар тарапынан қарапайым құралдармен жылдар бойы қазып ашылған деген болжам бар.
Туннель таудың алдыңғы жағынан басталады және тас туннель 7 шақырымнан кейін аяқталады. Кейбір жерлерде ауа тесіктері ашылғанын байқауға болады. Қараңғы каньонның сулы бөлігінің ұзындығы шамамен 9 шақырым екені белгілі. Қараңғы каньон бүгінде географиялық құрылымы және табиғи сұлулығымен жыл сайын көптеген адреналинге құмар жергілікті және шетелдік туристерді тартады.
Каньонда қайық турлары мен каноэде есу сияқты туристерді қызықтыратын іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар каньон орналасқан Кемалийе ауданында жыл сайын халықаралық Эрзинджан Кемалийе Мәдениет және табиғат фестивалі өткізіледі. Қараңғы каньоннан басқа аудандағы тарихи ғимараттар да өте қызықты. Өйткені ежелгі дәуірден бері көптеген өркениетке мекен болған өңірдің терең тарихи бар.