
Бұрынғы вице-президент және Демократиялық партиядан президенттікке үміткер Камала Харрис Венесуэла президенті Николас Мадуроны диктатор деп атағанымен, оны құлатуға бағытталған АҚШ әскери әрекеттерін дұрыс деп санамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
— Дональд Трамптың Венесуэладағы әрекеттері Американы қауіпсіз, мықты немесе қолжетімді ете қоймайды, — деді Камала Харрис X парақшасында.
Харрис атап өткендей: «Президент әскерді қауіпке тігеді, миллиардтаған доллар жұмсайды, аймақты дестабилизациялайды және өз елінде ешқандай заңды құзырет, жоспар немесе пайда ұсынбайды».
— Мадуро қатыгез, заңсыз диктатор болғанымен, бұл әрекеттердің заңсыз және ақылға қонымсыз болғанын өзгерте алмайды. Режимді ауыстыру немесе мұнай үшін жүргізілген соғыстар күш көрсету ретінде көрсетілсе де, олар хаосқа әкеледі, ал американдық отбасылар соның зардабын тартады, — деп есептейді Камала Харрис.
АҚШ саясаткерінің пікірінше, «америка халқы мұны қаламайды және олар жалған ақпарат естуден шаршаған».
— Бұл ретте Мәселе – мұнай және Дональд Трамптың аймақтық көшбасшы рөлін ойнағысы келуі. Америкаға басымдықтары жұмыс істейтін отбасыларға шығынды азайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, одақтастықты нығайту және ең бастысы — американ халқына қамқорлық жасау болатын көшбасшылар қажет, — деп жазды Камала Харрис.
Сенбі күні АҚШ Венесуэлаға қарсы арнайы операция жүргізіп, президент Николас Мадуро мен оның жұбайын Каракаста тұтқындады.
Өкінішке қарай, АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапқаны белгілі болды.
Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның жұбайы Нью-Йоркке бағыт алғанын хабарлады.
Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске наркотеорроризмге қатысу, кокаин әкелу, пулемет және жарылғыш заттарды сақтау, сондай-ақ АҚШ-қа қарсы пулемет және жарылғыш заттарды сақтау бойынша қылмыс жасауға қатысты айыптар тағылды. Олар жақын арада сот алдында жауап береді, деп хабарлады АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди.
3 қаңтарда Дональд Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан Венесуэладағы операция және елдің болашағы туралы сөйлеген сөзінде АҚШ осы елді өтпелі кезең аяқталғанша басқаруды жалғастыратынын мәлімдеді.
Осыдан бұрын БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш соңғы айларда АҚШ пен Венесуэла арасындағы қарама-қайшылыққа «терең алаңдаушылық» білдіргенін жазғанбыз.
Сонымен қатар Венесуэланың Жоғарғы соты вице-президент Делси Родригесті ел президентінің міндетін атқаруға міндеттеді.



