Қоғам

Жылыту маусымына дайындық: Шығыс өңірін дер кезінде көмірмен қамту

Биыл 1 қазаннан бастап ШҚО-да жылыту маусымы ресми түрде бастау алды. Аймақ алдағы қысқа тыңғылықты әзірлікпен кірісіп отыр: көмір қоры ертерек жасақталып, барлық инфрақұрылым толықтай дайындалған, ал тұрғындар алғашқы жылу толқынын сезіне бастады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, өңірде бүгінгі күнге дейін халықтың қажеттілігіне 352,1 мың тонна көмір жеткізіліп, бұл жоспарланған көлемнің 78% құрап отыр. Өңірдегі үш ірі жылу электр орталығы қалыпты жұмыс режимінде еңбек етуде. Барлық жылу көздерінде 20 тәулікке жететін нормативтік отын қоры бар. Көмір тасымалы мен оның бағасына күн сайын тұрақты бақылау жүргізілуде.

Жылу алғашқылардың бірі болып Өскемен мен Риддер қалаларының, сондай-ақ Алтай, Үлкен Нарын, Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарының тұрғындарына жетті. Катонқарағай және Самар аудандарының үйлеріне жылу 3 қазанда, ал Марқакөл өңіріне 4 қазанда берілді. Облыстағы барлық әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар жылумен толық қамтылған. Көпқабатты тұрғын үйлер техникалық талаптар мен бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жылуға қосылуда.

Қыс маусымына дейін өңір бойынша 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық толықтай дайын болды. Жөндеу жұмыстары аясында 52,8 шақырым жылу желісі мен 537 шақырым электр беру желісі жаңартылып, 39 қосалқы станса мен 55 трансформаторлық пункт қайта жөнделді. Бұдан бөлек, ауа райының қолайсыздығы кезінде болатын апаттардың алдын алу мақсатында 243 шақырымға созылған электр желілері бойындағы ағаштар бұталып, тазартылды.

Кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету үшін арнайы жасақталған апаттық бригадалар қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ақау орын алған жағдайда қолданылатын нақты іс-қимыл алгоритмдері де алдын ала әзірленіп, іске қосуға дайын тұр.

Өңірді көмірмен уақтылы және тұрақты түрде қамтамасыз етуді ҚР Энергетика министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ және «Қаражыра» АҚ өз бақылауында ұстап, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

TuraNews

Back to top button