Жыл қорытындысы: 68 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді
Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі мәлімдеді.
Инвестициялық қаржыға 2024 жылы аумағы 50,050 шаршы метрді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілген. Ал жеке тұрғын үйлерді қосқанда бұл көрсеткіш 68 мың шаршы метрді құрап отыр. Қазіргі таңда 6 тұрғын үй кешені жеке инвестор есебінен, 1 тұрғын үй бюджет қаржысына бой көтеруде.
Сонымен қатар құрылыс бөлімінің мамандары басқа да жобалар туралы ақпаратпен бөлісті. Мысалы, қаланың Кешенді даму жоспарына сәйкес, Самал, Ардагер ықшамаудандарына инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс биыл аяқталады деп жоспарланған.
Аталғандардан бөлек, қаңғыған мысық пен иттерді уақытша ұстау орнын және №6 учаскелік полиция пунктін салу үшін жобалау-іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2025 жылдың 2 жартыжылдығында дайын болады деп күтілуде.