Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-қыркүйек аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 59,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 22,9%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 206 елімен сауда-саттық жасайды.
Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 11,4 млрд доллардан (жалпы көлемнің 19,1%) асты.
Ал сауда-саттықтың 15,7% Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 9,3 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 3,4 млрд доллардан (5,8%) артық. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 476 млн долларға көп.
Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 1 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,4 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.



