Журналистерге арналған 15 пайдалы ЖИ-промт
Жасанды интеллект журналистің орнын баспайды, бірақ оның уақытын үнемдеуге, деректерді жүйелеуге және мәтін сапасын арттыруға көмектеседі. Төмендегі промттар күнделікті шығармашылық жұмысты жеңілдетуге арналған.
1. Жаңалық жазуға арналған промттар
-
Дерек негізінде жазу: «Берілген деректер негізінде қысқа әрі нақты жаңалық мәтінін жаз. Алғашқы абзацта кім, не істеді, қашан және не үшін маңызды екенін көрсет».
-
Стильді өзгерту: «Осы ақпаратты ресми стильде емес, оқырманға түсінікті, жеңіл жаңалық тілімен қайта жаз».
-
Форматтарды салыстыру: «Берілген тақырып бойынша екі нұсқада жаңалық жаз: бірі – бейтарап ақпараттық, екіншісі – түсіндірмелі форматта».
-
Тақырып таңдау: «Осы оқиғаға қатысты 5 баламалы тақырып ұсын. Барлығы қысқа әрі нақты болсын».
-
Редакциялау: «Берілген мәтінді өңдеп, мағынасын сақтай отырып, артық сөйлемдерді қысқарт».
2. Сараптама және түсіндірме материалдар
-
Қарапайым тілге аудару: «Осы жаңалықтың мәнін күрделі терминдер қолданбай, қарапайым тілмен түсіндір».
-
Маңыздылығын ашу: «Берілген тақырып бойынша «Неге маңызды?» деген сұраққа жауап беретін қысқа аналитикалық абзац жаз».
-
Болжам жасау: «Осы оқиғаның алғышарттары мен ықтимал салдарын бөлек-бөлек түсіндіріп бер».
-
Салыстырмалы шолу: «Берілген деректерді пайдаланып, бұрынғы жағдаймен салыстырмалы шолу жаса. Айырмашылығын көрсет».
3. Сұхбат пен пікір алу
-
Сұрақ дайындау: «Осы тақырып бойынша сарапшыға қоюға болатын 7 нақты сұрақ дайында».
-
Цитатамен жұмыс: «Берілген адамның сөзін негізгі ойын сақтай отырып, жаңалық форматына лайықтап қысқарт».
-
Дәйексөз іріктеу: «Ұзақ сұхбат мәтінінен ең басты 5 дәйексөзді іріктеп бер».
4. Фактчекинг және дәлдік
-
Күмәнді тұстарды анықтау: «Берілген мәлімдемедегі тексеруді қажет ететін тұстарды тізіп шық».
-
Дереккөз іздеу: «Осы ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін қандай ресми дереккөздерге сүйенуге болатынын көрсет».
5. Әлеуметтік желіге бейімдеу
-
Платформаға ыңғайлау: «Осы материалды Telegram және Threads үшін қысқа форматта қайта жаз. Мағынасы сақталсын, бірақ эмоциясыз болсын».
Айта кетейік, бұл промттарды дайын жауап алу үшін емес, ойды жүйелеу және бағыт алу құралы ретінде қолданған абзал. ЖИ ұсынған нәтижені журналист әрдайым өзі тексеріп, редакциялауы тиіс.



