Экономика

«Жезқазғансирекмет» кәсіпорны инновациялық даму жолында

Ұлытау облысында сирек кездесетін және жоғары қосылған құнды өнім өндіретін кәсіпорындар ғылыми-инновациялық әлеуетті дамытуда маңызды орын алады. Солардың бірі – Жезқазған қаласында орналасқан «Жезқазғансирекмет» ШЖҚ РМК, бүгінде аэроғарыш және мұнай-химия салалары үшін стратегиялық маңызға ие рений мен осмий изотоптарын өндірумен айналысады. Бұл – ТМД кеңістігіндегі техникалық және технологиялық жағынан ілгері, жоғары деңгейлі өндіріс орны.

Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы кәсіпорынға арнайы барып, мекеменің жұмысымен танысты. Кездесу барысында зауыт басшысы Нариман Әбілқанов өңір басшысына кәсіпорынның қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері туралы баяндап, қазіргі таңда туындап отырған бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, шикізатқа тәуелділік, кадр тұрақсыздығы мен қаржылық қиындықтар кәсіпорынның өркендеуіне кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.

Мекеме бүгінде өндірісті қайта форматтауға кірісіп, қайталама шикізатты – ренийді – өңдеу технологиясын енгізіп үлгерді. Бұл бағытта жоғары маркалы өнім (АР-0-ден АР-00-ге дейін) өндіру мен никель-кобальт және вольфрам-тантал концентраттарын алу көзделген. Жоба құны – 1 миллиард 780 миллион теңге. Мемлекеттік қолдауға үміт артып отырған кәсіпорын бұл арқылы халықаралық нарықтағы орнын күшейтуді жоспарлап отыр.

Берік Әбдіғалиұлы зауыттың ғылыми-инновациялық әлеуетін ерекше атап өтіп, мұндай кәсіпорындардың өңірлік экономика мен экспорттық әлеуетті арттырудағы рөлін айрықша бағалады. «Ғылым мен технологияға негізделген өндіріс – болашақ экономикасының өзегі. Біз осындай кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет», – деді өңір басшысы.

TuraNews

Back to top button