Қоғам
Trending

Жезқазғанда «Қауіпсіздік сабағы» аясында оқушыларға есірткінің зияны түсіндірілді

Жезқазған қаласындағы №26 жалпы білім беретін мектепте полиция қызметкерлері «Қауіпсіздік сабағы» аясында оқушылармен кездесу өткізіп, есірткі заттарының зияны мен одан сақтану жолдары туралы дәріс оқыды.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері есірткінің адам ағзасына, психикасына және болашағына тигізер зияны туралы жан-жақты түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, оқушыларға күмәнді адамдардың азғыруына ермеу, беймәлім заттарды қабылдамау және күдік тудыратын жағдайларда бірден ата-анасына немесе полицияға хабарлау қажеттігі айтылды.

«Есірткі – адамның өмірі мен болашағын жойып жіберетін қауіпті жол. Одан сақтанудың ең тиімді тәсілі – алғаш рет қызығушылық танытпау және күмәнді ұсыныстардан бойды аулақ ұстау», – деді полиция инспекторларының бірі өз сөзінде.

Дәріс барысында оқушылар салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден бас тарту және өмірлік дұрыс таңдау жасау жөнінде пайдалы ақпарат алды.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде жүйелі түрде өткізіліп, жас буын арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыруға бағытталған.

TuraNews

Back to top button