Жезқазғанда «Жалынды жастар» сыйлығының иегерлері анықталды
Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жалынды жастар» — қала әкімінің жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. І

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамның дамуына өз үлесін қосып, түрлі салада жетістікке жеткен жас мамандарды қолдау, еңбегін бағалау және олардың белсенді азаматтық ұстанымын ынталандыру болды.
Биыл бұл мәртебелі марапат 15 түрлі бағыт бойынша табысталып, өз саласында ерекше нәтижеге қол жеткізген үздік жастар анықталды. Әр жеңімпазға 500 мың теңге көлемінде сыйақы және арнайы статуэтка табысталды.
Марапат иегерлері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, ақпараттық технологиялар, журналистика, бизнес, спорт, еріктілік, өндіріс және өзге де маңызды салаларда табандылық пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетті.
Сахна төріне шыққан жастар еңбексүйгіштіктің, жаңашылдық пен азаматтық белсенділіктің жарқын бейнесін танытты. Іс-шара барысында оларға алғыс сөздер айтылып, жастар бастамаларын дамыту мен қолдау бағытындағы игі тілектер білдірілді.
«Жалынды жастар» сыйлығы – жас буынның қоғам өміріндегі рөлін айқындайтын, олардың еңбегіне деген құрмет пен сенімнің белгісі. Бұл жоба Жезқазған қаласының жарқын болашағын қалыптастырып, ел дамуына үлес қосып жүрген талантты жастарды танытудың маңызды алаңына айналды.



