БастыЭкономика
Trending

Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі геологиялық кластер ашылды

Ұлытау төрінде ел тарихында тұңғыш рет Орталық Азиядағы халықаралық стандарт деңгейіндегі бірегей Геологиялық кластер бой көтерді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Геологиялық кластер – жай ғана сәулет нысаны емес. Бұл – ғылыми зерттеу жүргізіп, инновациялық шешім қабылдайтын әрі халықаралық ынтымақтастық орнататын орталық. «Қазақмыс» геологиялық кластерінің ашылуы – өңір үшін де, тұтас сала үшін маңызды оқиға.

Бұл жоба геологияны цифр­ландыруды жеделдетіп, ғылыми зерт­теу әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің гео­ло­гия­лық барлау саласын халық­аралық дең­гейге шығарады. Ұлытау өңі­рінің ғана емес, еліміз­дің ғы­лы­ми-инновациялық бола­шағын айқындайтын, озық технологиялар мен заманауи білім тоғысатын Геологиялық кластердің ресми ашылу салтанатына Сенат депутаттары Алтынбек Нухұлы, Советбек Медебаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин, Дүйсенбай Тұрғанов, Сергей Пономарев, Ерболат Сатыбалды, Николай Арсютин, Арман Қалықов пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева, өндіріс өкілдері қатысты.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукей, «Қазақмыс» корпорациясы» басқарма төра­ғасы Нұрахмет Нуриев, «Kazakhmys Barlau» бас директоры Ғалым Нұржанов жаңа нысанның лентасын қиып, сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауын­да «Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыс­тарын күшейту», деп геология саласын дамытудың страте­гиялық маңызына ерекше тоқталған-тұ­ғын.

ва

«Біз ел геологиясын дәлірек, жедел әрі техно­ло­гия­лық тұрғыдан озық ететін инфрақұрылым ашып отырмыз. Бастапқы деректерді сақтау, зертханалық талдау, цифр­лық өңдеу және мамандарды оқыту – осының барлығы бір алаңға біріктірілді. Бұл – еліміздің минералдық-шикізат базасын тұ­рақты дамытуға қызмет ететін жаңа деңгей», деді кластердің ашылу салтана­тында «Қазақмыс» корпорациясы» басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.

Жезқазғанда ресми түрде ашыл­ған алғашқы Геоло­гия­лық кластер – геологиялық барлаудың негізгі үдерістерін бір алаңға тоғыстырған әлемдік деңгейдегі санаулы орталықтың бірі. Мұнда орнатылған заманауи техникалық жабдық әлемде небәрі 7 орталықта ғана бар. Ал кластердің өзі – Орталық Азия бойынша ең ауқымды әрі алғашқы нысан. Оқу орталығы мен зертханалық кешеннің бір жерде орналасуы геологиялық ақпаратты жедел алуға әрі соның нәти­жесінде барлау жүргізу барысында дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс» корпорациясы» жобаға 11 млрд теңге шамасында ин­вестиция құйды. Құрылысты мер­дігер ретінде отандық «Tansu Construction» компаниясы жүзеге асырды. Мұнда 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Геологиялық кластерді басқару «Kazakhmys Barlau»-ға тапсырылды.

Кластер құрамында еліміздегі ең ірі кен сақтау қоймасы жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 200 мың текше метр керн сақтауға жетеді және бастапқы геологиялық деректердің ұлттық мұрағатын қа­лып­тастырады.  Бұл кез келген уақытта бастапқы дерек­терге оралып, жұмыс істейтін геологиялық мо­дельдерді нақтылауға және барлау жұмысы барысында тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді. Зерт­ханалық блок аналитикалық зерт­теу саласындағы әлемдік көш­басшы – аустралиялық ALS компаниясымен бірлесіп жасалды. Бұл геохимиялық дерек сапасының жоғары және халықаралық стан­дартқа сай болуына кепілдік бере­ді.

ва

Арнайы келген қонақтар Геологиялық кластердің атқаратын қызметімен танысты. Кластер­де ұң­ғымалық кернді автоматты түрде сканерлеуге ар­налған Ancorelog (Германия) технологиясы және алын­ған ақпаратты өңдеу үшін жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі LithoLens бағ­дарламалық жасақ­та­масы қолда­нылады. Олар кернді талдау жыл­дам­ды­ғын бір ауысымда 60-тан 240 қума метрге дейін арттырады.

Аталған технологияларды ке­шенді қолдану кен орындарын геоло­гиялық болжау модельдерін жедел құруға әрі алынатын ақпа­рат­тың сапасын арттыруға мүм­кіндік береді.

Кластердің базасында «Colorado School of Mines»-пен бірлескен заманауи геофизикалық зертхана жұмыс істейді. Ол әлемдік өндірушілердің озық құрал-жаб­ды­ғымен жасақталған. Іске қосу-реттеу жұмысын, техни­­калық қызмет көрсетуді және серти­фикатталған жөндеуді «Qazaq Geophysics» мамандары жүзеге асырады. Зертхана елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту үшін құ­­рылған. Мұнда геофизика, аспап жасау әрі роботтехника сала­­ла­рының білікті мамандары даяр­ланады.

Алқалы жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында Ұлытау облысында жаңа инновациялық жоғары оқу орны – Ұлытау университеті құрылмақ. Меморандумға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қол қойды. Университеттің инфра­құрылымына оқу корпусы, 140-150 орындық жатақ­хана, спорт кешені және заманауи R&D-орталық кіреді. Мұнда жаңа технологиялар әзірленіп, пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер мен жобалар жүзеге асырылады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын іске қосу кезінде әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетеді. «Қазақмыс» оқу бағдарламаларын қаржыландыруды, ұйымдастыруды және қажет болған жағдайда мемлекеттік грант тарту арқылы бірлесіп қаржыландыруды өз мойнына алады.

«Жезқазғанда біз геология мен инженерлік білім беруді дамыту жолында маңызды қадам жасадық – университетті, бизнес пен халықаралық серіктестерді біртұтас экожүйеге біріктірген Геологиялық кластерді іске қостық. Бұл жай ғана жаңа кампус емес, бұл кадр даярлаудың жаңа тәсілі», деді министр Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар кластердің диспетчерлік орталығы – «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ның геологиялық барлау жұмысын басқарудың біртұтас нүктесі. Мұнда көлік, бұрғылау қондырғылары мен барлық аналитика нақты уақыт режімінде бақыланады. Бұдан бөлек, кластер құрамына оқу-әдістемелік блок кіреді. Ол мамандарды даярлау және қайта даярлауға арналған әрі болашақта құрылатын Ұлы­тау университетінің бағдар­ла­ма­ларымен интеграцияланады. Бұл университеттің түлектері бірден үш диплом: университеттің өз дипломы, Satbayev University және әлемдегі алғашқы Colorado School of Mines филиалының дипломын алады. Бұл жоба тек білім мен экономиканы ғана емес, өңірдің болмысын да өзгертеді. Кластер аумағында музей бар.

Геологиялық кластер Жезқаз­ған­ның ғылыми-өндірістік әлеуе­тін нығайтады. Жаңа жұмыс орын­дарын ашып, кәсіби өсу мүм­кіндігін кеңейтеді әрі аймақ­тың ғылыми-техникалық базасын күшейтеді. Жоба Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жал­ғас­тырып, Қазақстанның заманауи геологиялық мектебінің дамуына үлес қосады.

ап

«Бес жыл бойы біз ғылымды, білім мен өндірісті біріктіретін жоғары технологиялық хаб құ­ру­мен айналыстық. Жобамыз әлем­нің жетекші геологиялық орталықтарының тәжірибесіне негізделген және саланың халық­аралық көшбасшыларымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асы­рылып жатыр. Құрылған кластер барлаудың заманауи әдістерін енгізуге, жаңа құзыреттерді дамытуға және еліміздің геология саласының болаша­ғын айқындайтын кәсіби орта қалып­тастыруға мүмкіндік бере­ді», деді «Kazakhmys Barlau» бас директоры Ғалым Нұржанов.

Кластердің ашылуының екінші бөлігі мәжіліс залында жалғасты. Геологиялық клас­тер­дің идеясы, миссиясы және мақ­саттары туралы бейне ролик көрсетілді.

«Ұлытау – қазақ геологиясының қара шаңырағы. Әсіресе Жезқаз­ғанның әлемдік деңгейдегі «мыс алыбы» атануына академик Қаныш Сәтбаев өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ғалым кең байтақ өңірдің жер қойнауын зерттеп, әлемдік геология ғылымына тың серпіліс әкелді, Бүгін біз қолданысқа беріп отырған жаңа клас­тер – ұлы ғалымның аманатындай. Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылыми мектепті жаңа технологиялық деңгейге көтеретін орталық болмақ», деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Сенат депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халық­аралық қоры» қоғамдық қорының қам­қор­­шылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы:

«Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы Қазақ елінің қазыналы қазба байлығын біздерге ашып қалдырған, «Ұлытау атырабын жан-жақты өркендету – менің өмірлік арманым!» – деген ғұлама Қаныш Сәтбаев болғандығын барлығымыз да білеміз. Сол арманның жалғасы ретінде «Қазақмыс» корпорациясы» гео­ло­гия­лық барлау саласындағы цифр­лық инфрақұрылымды салуы және Жасанды интеллект дәуірінде заманға сай геологиялық кластердің ашылуы, Ұлытау тех­никалық университетінің ғима­ратын тұрғыза бастауы – стратегиялық тұрғыдан мемлекет үшін осы саладағы зор іс-шара. Жезқазғандағы геологиялық кластер – заманауи зертханалар, инновациялық шешімдер тоғысқан бірегей орталық. Жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан Геологиялық кластер – Жезқазған топырағына зор еңбек сіңірген, Қаныш Сәтбаевтың нағыз шәкірті, академик Шахмардан Есенов кезіндегі «Геологияның алтын ғасырын» қайта түлететін кешен болсын!» деген пікір білдірді.

TuraNews

Back to top button