Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
23 қазан күні Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Аталған кәсіби мереке дәстүр бойынша қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі және өз өмірін адамдарға көмек көрсетуге, олардың әлеуметтік құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға арнаған әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған маңызды күн болып табылады.
Іс-шара барысында Жезқазған қаласының әкімі Шайжанов Қайрат Абдоллаұлы әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдағы ең жауапты және ізгі мамандық иелеріне деген ризашылығын білдірді. Әкім өз сөзінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегі — азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол барлық сала мамандарына зор денсаулық, отбасылық амандық және еңбектеріне табыс тіледі.
Мерекелік жиында Ұлытау облысы әкімінің және Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Өз ісіне адалдық танытып, халықтың игілігі жолында еңбек етіп жүрген үздік мамандардың еңбегі лайықты бағаланды. Сонымен қатар, әлеуметтік салада жоғары кәсіби шеберлік көрсеткен қызметкерлерге 100 000 теңге көлемінде сертификаттар берілді.
Салтанатты жиынға қалалық мәслихат төрағасы Қапарова Раушан Оңқонысқызы қатысып, әлеуметтік сала өкілдеріне жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек ететін мамандардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі ерекше екенін атап өтіп, олардың мейірімділік пен адамгершілікке негізделген еңбегіне шынайы алғыс айтты.
Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Қожабаева Раушан Құрмашқызы да қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, әлеуметтік қорғау жүйесінде көп жылдық адал еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге құрмет көрсетті. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбек құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар «Кәсіподақ қайраткері» медалімен және «Еңбек үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл іс-шара әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше орнын айқындап, олардың жанқиярлық еңбегін жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды. Осындай кездесулер мен марапаттар мамандарды жаңа жетістіктерге ынталандырып, халыққа қызмет етудегі жауапкершілік пен кәсіби рухты арттыруға ықпал етеді.



