Экономика

Жетісайда биыл 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі, қарқынды жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Биылғы жылдың соңына дейін ауданға жалпы 40,8 млрд. теңгеге инвестиция тарту жоспарланса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4148,9 млн. теңгені құраған негізгі капиталға бағытталған инвестицияның 3866,1 млн. теңгесі бюджеттік емес инвестициялар болып табылады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,1 есе, ал жоспардан 5,4 есе артық орындалып отыр.

Жыл соңына дейін ауданда жалпы соммасы 8,2 млрд. теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асырып, 625 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның 6,6 млрд. теңгесі білім, денсаулық, спорт, туризм секілді қызмет көрсету саласындағы 23 жобаға, 1,5 млрд. теңгесі өндірістік санаттағы 5 жобаға бағытталатын болады.

Нақтырақ айтар болсақ, Жетісай қаласында жылына 500 мың жұп аяқкиім шығаратын «Ұлықбек» аяқкиім цехы жобасының құрылысы жүргізіліп жатса, құны 350 млн. теңгені құрайтын «Тоқыма емес мата өндірісі» цехының құрал-жабдықтары орнатылуда. Жоба аясында жылына 1,8 млн. тоқыма емес мата өндіру көзделуде.

Сонымен қатар, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде іске қосылуы жоспарланған 300 млн. теңгелік «Бетон зауыты» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Зауыт іске қосылған соң сағатына 100 текше метр бетон өндіріледі.

Аудан кәсіпкерлерінің жеке инвестициялық салымдары есебінен Мақталы ауылдық округінен құны 100 млн. теңгені құрайтын «Мақталы Жер» ЖШС-нің «Бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы» жобасы, Ж.Ералиев ауылдық округінде «Тұран Мақта» ЖШС-нің 300 млн. теңге болатын 10 мың тонналық «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасы іске асырылатын болады.

— Ауданға инвестиция салуға ниетті кез-келген кәсіпкерге аудан әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсетуге, жан-жақты сүйемелдеуге, кәсіпорын салушы азаматтарды қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге мүдделіміз, — дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Айта кетейік, өткен жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15053,9 млн. теңгеге жеткен. Оның 8771,6 млн. теңгесі бюджет есебінен болса, 6133,3 млн. теңгесі жеке қаражат есебінен тартылған

TuraNews

Back to top button