Жеңіс Қасымбек: Астанада су тапшылығы жоқ
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордадағы су тапшылығы мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстар жайлы айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Маусым айында су тапшылығы мәселесі болғанын білесіздер. Жыл сайын қала өсіп келеді, халық саны орта есеппен 50-60 мыңға артуда. Соңғы үш жылда халық саны 200 мыңға өсті. Тиісінше, коммуналдық қызметтерді тұтыну көлемі де артады. Пайдалануға берілетін баспана мен су тұтыну көлемі артып келеді. Маусым айында бізде бұл мәселе күрт көтерілген сәтте тәулігіне 20-25 мың текше метр су тапшылығы болды. 10 маусымнан кейін Астана су қоймасынан қосымша жаңа су құбыры желісін іске қостық. 90 мың текше метр көлемінде қосымша су беріліп, қуаты 105 мың текше метр болатын үшінші сорғы сүзгі станциясының құрылысы аяқталды», — деп түсіндірді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде.
Ол атағандай, үшінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы аяқталды.
«Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы жоқ. Келешекте сумен қамтамасыз ету үшін қазір су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүргізілуде. Нұра жер асты сулары кен орнынан су құбырын жобалау, сондай-ақ Тельман сорғы станциясын кеңейтуді жобалау аяқталуда. Оларды іске асыру 2030 жылға дейін қаланы тұрақты сумен қамтамасыз етеді», — деді Қасымбек.