Қоғам

Жазғы демалыста балаларға арналған қандай шаралар өтеді?

Жазғы демалыс кезінде балаларға арнап мәдениет саласында 500-ден астам, спорт және туризм салаларында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы үкімет отырысында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов баяндады.

Ұлттық музейде «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобалары шеңберінде экскурсиялар, дәрістер, шығармашылық кештер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ «Мирас» және «Жас археолог», «Кескіндеме және графика», «Шебер» арнайы студиялары мен үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен бірге, ерекшелігі бар келушілер үшін «Мейірім» инклюзивті әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, «Музейдегі мектеп күні» іс-шарасы өтеді.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде және Мемлекеттік орталық музейде жазғы демалыс мезгілінде экскурсиялар мен көрмелер ғана емес, «Жас экскурсия жүргізушілері», «Жас домбырашылар», «Жас өлкетанушылар» үйірмелері тегін жүргізіледі.

Еліміздің барлық кітапханасында ай сайын «әдеби ертеңгіліктер» өткізіледі.

«Еліміздің кітапханалары мен музейлерінде экскурсиялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар жалғасады: белгілі қазақстандық суретшілердің, мүсіншілердің, өлкетанушылардың, археологтардың қатысуымен пленэрлер, «BookCrossing» акциясы, ал барлық ауылдық округтерде «Жылжымалы кітапханалар» ұйымдастырылады», – деді министр.

Республикалық театрлардың репертуарында жазғы демалыс кезінде «Сиқырлы терезе», «Туған күн», «Әріптер әлеміне саяхат», «Ойнайық және ойлайық», «Кішкентай Мук», «Қызық пілдің шытырман оқиғасы» сияқты спектакльдер мен қойылымдарды көрсету көзделген.

Н.Сац атындағы балалар театрында SatsComUnity балалар театр студиясы жұмыс істейтін болады.

1 маусым – Балаларды қорғау күніне мәдениет ұйымдары түрлі форматтағы мерекелік іс-шаралар дайындады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектаклінің тұсаукесері өтеді.

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Жазғы кино» бірегей жобасын бастайды. Оның шеңберінде классикалық және анимациялық фильмдермен қатар «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген жаңа кинокартиналар тегін көрсетіледі.

Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде «Temps lié» (Темплие) кәсіби хореографиялық білім берудің халықаралық фестивалі, «Шабыт», «Astana-Merey» халықаралық конкурстары, «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық қолөнер байқауы, «Алтын қазына» және «Арт-колонок» балалар шығармашылығы республикалық конкурстары өткізіледі.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай барлық мектеп лагерьлері мен балабақшаларында «Қазақстан менің әлемімде» асфальтта сурет салу конкурсы, «Менің елім Қазақстан» тақырыбында түрлі конкурс және «Менің туым – менің мақтанышым» флешмобы жоспарлануда.

TuraNews

Back to top button