2023 жылдың 19 маусым күні Бішкек қаласында Түркі Академиясының ұйымдастыруымен және Түркия Ғылым академиясының (TÜBA), «Манас» қырғыз-түрік университетінің қолдауымен жас түркологтарға арналған жазғы мектептің биылғы маусымдағы жұмысының ашылуы өтті, деп хабарлайды Turanews.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстанда өткен іс-шараның ашылу салтанатына Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түркия Ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер, «Манас» қырғыз-түрік университетінің ректоры Алпаслан Джейлан, түркі әлемнің танымал жоғарғы оқу орындарының белгілі профессорлары мен ұстаздары, сонымен қатар Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Мажарстан, Моңғолия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония, Солтүстік Кипр, Башқұртстан (РФ) және Татарстаннан (РФ) келген жас ғалымдар қатысты.
Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Ш.Мұстафаев түркологияның құндылықтарға негізделген және заманауи мемлекеттік құрылысқа бағытталған ғылым екенін атап өтті. Осы орайда ол түркологтар үшін жан-жақты маман, әрі нағыз ғалым ретінде бір-бірімен пікірлесу, байланыс орнату, сонымен қатар, көп қырлы интеграцияға ұмтылған түркі мемлекеттері үшін ортақ күн тәртібі бар орта құрудың маңыздылығына тоқталды.
Сөз соңында Ш.Мұстафаев жас ғалымдарға сәттілік пен табыс тілеп, шараны өткізуге қолдау көрсеткен Түркия Ғылым академиясы мен «Манас» қырғыз-түрік университетінің басшылығына алғысын білдірді.
Айта кету керек, Түркі Академиясы ұйымдастырып отырған «Жас түркологтардың жазғы мектебі» түркітану, түркі тарихы, түркі әдебиеті, антропология, мәдениеттану және археология салаларында жұмыс істеп, зерттеу жүргізіп жатқан жас ғалымдарды қолдауға арналған.
Жазғы мектеп жас ғалымдарға бір-бірімен танысуға, өз жобалары мен зерттеулерін ұсынуға, жаңа ақпарат алмасуға, сондай-ақ кәсіби мақсаттар үшін желілер құруға мүмкіндік береді. Жас ғалымдар түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі мен әдебиеті бойынша өздерінің теориялық және практикалық білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ ғылыми жарияланымдар, презентациялар өткізу мен зерттеуге бөлінген қорлар қаражатын пайдалану сияқты өзара байланысты салаларда дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.
Жазғы мектеп 2023 жылдың 19-26 маусымы аралығында өтеді. Бағдарлама түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі мен әдебиеті бойынша күнделікті лекциялар мен техникалық семинарлардан, жұмыс топтарындағы пікірталас сессияларынан, сондай-ақ мәдени іс-шаралардан тұрады.
Жазғы мектеп аясында келесі пәндер бойынша курстар өткізіледі: «Түркі әлемі» концептісі, Түркі мемлекеттерінің тарихы, Түркі әлемінің археологиясы, Түркі әлемінің өнері мен ой-өрісі тарихы, Түркі тілдері және қазіргі түркі тілдерінің ерекшеліктері, Түркі әлемінің мифологиясы, Түркі әлемінің аңыздары мен ертегілері.
Іс-шара соңында қатысушылар Жазғы мектеп тақырыптары бойынша баяндамалар дайындап, оқытушы-ғалымдармен өз тұжырымдарын талқылауға мүмкіндік алады.