Отан… Атамекен…Атажұрт…Тарих… Бұл қай құлаққа да жағымды естілер асыл да асқақ ұғымдар. Ес біліп, етек-жеңіңді жиған сәттен бастап-ақ, өзің өсіп-өнген туған жердің қадір-қасиетін терең түсініп, жоғары бағалайсың. Ондағы елеулі оқиғалардың бірін де қалыс қалдырмай сараптайсың. Адам бойындағы сондай жоғары құндылықтарды дәріптейтін, әрі дамытатын жобалардың бірі және бірегейі — «Жас қазақ» жазғы этно-лагері, деп хабарлайды Turanews.kz «Отандастар қоры»-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 2019 жылы бастау алған «Жас қазақ» жазғы этно-лагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады. Жылдан – жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылап келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, Атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлайды.
Екі аптаға созылған жазғы этно – лагерь табиғаты әсем, ауасы таза, Қазақстанның Швейцариясына айналаған, Абылай хан ордасын тіккенен Бурабай төріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өтті. Әлемнің 8 мемлекетінен атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ балалары келді. Қонақтардың алғы шебін Ресейдің Саратов қаласынан келген қандас балалар бастады. Шілде айының 1-жұлдызында «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы балалармен Елордада кездесу жасап: «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі, «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойларына сіңіріп , өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қатуы тиіс. Болашақта бұл жоба дүстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын»,- өз сөзін қорытындылап, балаларға бақытты балалық шақ тіледі.
Балалар арасында Бурабай, Елордадан бөлек, Қазақстанға алғаш келгендері бар. Шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Себебі, туған елдің тау-тасы, тіпті түтіні де бөлек деп бала көңілдерімен шынайы эмоцияларын жеткізді.
Биылғы этно-лагердің басты ерекшелігі – дара да дарынды балалардың басын қосты. Сайдың тасындай іріктеліп келген 12-17 жас арасындағы балалар лагерьге жолдаманы түрлі байқауларға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алды. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып жүлде иегері атанған балалар.
Ашылу салтанатында балалар алғашқы күндерден-ақ жауапкершілік сезініп,концерттік бағдарламаны өздері дайындады. Арнайы қонағымыз Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Мұхамедияұлы Байменов балаларға ақ батасын беріп, ырымдап “Темірқазық” деп аталатын кітапты сыйға тартты.
«Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, лагердің алғашқы күндерінен – ақ өнерлі балалар жүрген жерлерін әнмен әрлеп, би билеп думандатты. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында сабақ кестесі де соған сай құрылды. Балалардың әр уақыты құнды әрі жүйелі өту мақсатында күнделікті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жаттығудан бастап, түрлі сабақтарға, үйірмелерге қатысты. Дәлірек, асық ойнау,садақ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, атпен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала мобилографиядан сабақ алды.
Нейрондық желі, жасанды интеллект бойынша таным көкжиектерін дамытты. Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай, өз тәжірбиесімен бөлісті. Қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Орда болып жарысып, түрлі байқаулар ұйымдастырып,көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. «Хор байқауы» мен «Домбыра party» әлеуметтік желіде же қызу талқыланып, көпшіліктің жүрегінен орын тапты.
Сонымен қатар, “Отандастар қоры” КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған “Жас қазақ” жазғы этно-лагерінде “Мақал -мәтелдер” байқауы өтті. Байқау талабына сай балаларға арнайы тақырыптар берілді, сол бойынша бір-бірлерімен мақал айтып жарысты. Байқауға барлығы 24 бала қатысты. Реттік сандарын жеребе тастау арқылы анықтады. Атамекеннен жырақта жүрсе де , қазақ тілін һәм тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне айналған мақал-мәтелдерді жаттап жүрген этникалық қазақ балаларына ерекше алғыс айтамыз.
Байқау талабына сай “Үздік үштік” анықталды:
I орын — Олжабаева Нұргүл /Өзбекстан/
II орын — Алашұлы Бөгенбай /Моңғолия/
III орын — Бектұрсынова Гүлнар /Өзбекстан/
Жеңімпаз балаларға “Отандастар қоры” КеАҚ атынан бағалы сыйлықтарымыз табысталды:
I орын – Планшет;
II орын — Электронды кітап;
III орын — Смарт сағат;
Ертесіне байқаулар легін «Қазақстан тарихы» жалғастырды. Этно-лагерь қатысушылары “Қазақстан тарихынын” білімдерін тексеріп, тест тапсырмаларын орындады. “Сөздің ең ұлысы-тарих”,-деп Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, “Жас қазақ” жазғы этно-лагерь қатысушыларына арнап ұйымдастырылған тарих байқауы өте жоғары нәтиже көрсетті. Ережеге сай 40 минут ішінде байқауға қатысқан 170-ке жуық бала 25 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларына жауап берді. Нәтижесінде жүзден жүйрік атанғандар топ ішінен суырылып шығып, “Үздік үштік” анықталды:
I орын — Жұманов Жасұлан (Өзбекстан)
II орын — Эльмира Жақсылыққызы (Моңғолия)
III орын — Мустафинова Самира (Ресей)
Жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.
Лагерь барысында балалар арнайы бекітілген “Алаштану” сабағын оқыды. Сонымен қатар, @Unknownkazak, @mayabekbayeva, @qazhistory, @story_of_nomads, @nurqojadua, @qazaqstan.tarihy(Tiktok), @abaitv(youtube) парақшаларында Қазақстан тарихына байланысты жарияланған ақпараттармен алдын-ала танысты және сол мәліметтер аясында тест тапсырмаларын жауап берді.Тестті қазақ немесе орыс тілінде тапсыру мүмкіндігі болды.
13 шілде «Iqanat High School of Burabay» мектебінде «Жас қазақ» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты өтті. Екі аптаға жалғасқан айтулы іс-шарада әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей) келген 200-ге жуық этникалық қазақ балаларының өзара тығызбайланыс орнатып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Салтанатты кеш басында сөз «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы 14 күн ішіндетанымдық, шығармашылық, спорттық және ұлттық сипатта түрлі іс-шара өткізілген этно-лагердің маңызына тоқталып, лагерьге қатысқан барлық оқушыға алғысын білдірді. «Бүгін , міне, екі аптаға созылған жазғы этно-лагерь өз мәресіне жетті. Табиғаты таңғажайып Бурабайда, Атажұрт Қазақстанда, туған Отан аясында өткізген осынау демалыс бәріңе ерекше көңіл-күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын.Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер.Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер Атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін.Осы «Жас қазақ» жазғы этно-лагерін ұйымдастырып отырған «Отандастар қоры» да мемлекет тарапынан осы мақсатта құрылған. «Отандастар қоры» осындай жазғы лагерді осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр. Келесі жылы қатарымыз бұдан да көп болады деп ойлаймын», – деді ол өз сөзінде.
Келесі болып сөз алған лагерь директоры Исмағамбетова Жания этно-лагердің басымдығына баса көңіл бөліп, қандас оқушыларға тигізер пайдасын атап өтті. «Құрметті балалар! Сіздер біздің үкілеп үміт артқан болашағымызсыздар. ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жобасының мазмұны мен тағылымы өте тереңде жатыр. Қаншама баланың басын қосып, Атамекенге әкеліп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатыр»,- деді лагерь директоры.
Осы орайда сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шапақ Үнзила: «Бүгінгі іс-шара өте тағылымды жоба деп білемін. Сіздерге бақытты балалық шақ тілеймін. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен балалардың болашағы мен құқығын қорғау мақсатында Парламентте түрлі заңнамалар қабылданып жатыр. Солардың бірі және бірегейі – балалардың атына жеке есепшот ашу », – деді.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Баярхүү мырза жиын барысында: «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өткен этно — лагерь өте маңызы зор жоба деп білемін. Осы лагерьде жалпы саны 46 бала Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласынан, Дархан, Ховд, Налайх, Баян-Өлгий аймақтарынан келіп қатысып отыр», — деп сөзін қорытындылады.
Кештің арнайы қонағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова: «Көңілімде қимастық сезім. Бұл лагердің балаларға берері мол болды. Небәрі 14 күннің ішінде көп нәрсе үйреніп, қызықты дәрістер тыңдап, тарихи Отанымен танысып, керемет демалып қайтты деп ойлаймын. Қандастарымыздың білімімен танымының жетілуіне үлкен септігін тигізген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!» — деп әкесі Рахметолла Райымқұловқа арнап шығарған «Нар тұлға» атты кітабын балаларға сыйға тартып, ақ батасын берді.
Кеш барысында «Үздік орда» (барлығы сегіз орда, әр ордада 25 баладан) атағына лайық команда анықталып, жетекшісіне медаль берілді. Сондай-ақ, екі апта ішінде тартысқа толы өткен екі байқау– «Мақал — мәтел» және «Қазақстан тарихы» сайыстарында үздік үштікке ілінген қандастарға «Отандастар қоры» КеАҚ атынан бағалы сыйлықтар(планшет, электронды кітап, смарт сағат) табыс етілді.
Кеш соңы қандас оқушылардың арнайы жабылу салтанатына әзірлеген қорытынды концертіне ұласты. Одан бөлек, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы өнерпаздарыәуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті.Атап айтсақ, Нұрмолдаев Серік — Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” Мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары, “Тұран” фольклорлы-этнографиялық ансамблінің белді мүшесі;Іңкәр Айдарханқызы — “Гүлдер” ансамблінің солисі;Салтанат Меңдіғалиева — әнші, Эстрада бөлімінің солисі; Дидар Әбдухалық — әнші, Эстрада бөлімінің солисі өнерлерін көрерменге паш етіп, салтанатты жиынның көркін қыздырды.
Кеш соңында барша бала бірігіп қазақтың ұлттық биіне айналған «Қара жорғаны» биледі.
Сонымен қатар, лагерь барысында ұйымдастырылған “Мақал — мәтел” және “Қазақстан тарихы” байқауларының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды
“Әр қазаққа — бір кітап” акциясы аясында барша балаларға қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқулықтар таратылды.
Осымен 1-14 шілде аралығында жалғасқан “Жас қазақ” жазғы этно-лагері өз мәресіне жетті. Дәстүрге ұласып келе жатқан “Жас қазақ” жазғы этно-лагері келесі маусымда өз дарындарын күтеді.