Жапониядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артуда
Жапонияда жойқын жер сілкінісі кезінде 48 адам ажал құшты, деп жазады TuraNews.kz 24.kz-ге сілтеме беріп.
Бұл ақпаратты Исикава префектурасының әкімшілігі растаған. Тағы 40-тан астам тұрғын түрлі жарақат алған. 32 мыңнан аса үй жарықсыз қалды. Жапонияның орталық аймағында магнитудасы 3 балдан 7,6 балға дейін бірнеше рет жер сілкінді. Осыған байланысты цунами қаупі туралы ескерту жарияланып, кейін ол 20 сағаттан соң алынып тасталды.
«Біз кешеден бері сенімді және толық ақпарат жинауға барымызды салып жатырмыз. Бірақ Ното түбегінің солтүстік бөлігіне жету мүмкін болмай жатыр. Ол жақтағы жолдар қирап қалған. Тікұшақпен жасалған тексеру лай көшкіні жүргенін, өрт болғанын көрсетті. Аймаққа 1 мың сарбаз жібердік. Қазір цунами қаупі төніп тұрған жоқ», деп мәлімдеді Фумио Кисида, Жапония премьер-министрі.
Тағы жер сілкінуі мүмкін
Жапонияда алдағы аптада тағы да жер сілкінуі мүмкін. Бұл туралы осы елдің Метеорология агенттігінің мамандары мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтардағы алғашқы зілзаладан кейін 149 жерасты дүмпуі тіркелген.